ҚАЗАҚТЫҢ ҚАРА БАЛАСЫ
Еңiсте жүрген ел болмас,
Етектен кесiп жең болмас.
Еншiлеп алған ауруға
Екi дүниеде ем қонбас.
Ананың сүтiн арда емген
Атадан бала кем болмас.
Тебiнiп атқа мiнсе де,
Тектiге тентек тең болмас.
Қазанға түспей ас болмас,
Қарекет қылған аш қалмас.
Қазақтың қара баласы
Бiрiне бiрi қас болмас.
Қазақтың қара баласы
Бiрiне бiрi қас болса,
Күндердiң күнi туғанда
Жат болудан жасқанбас.
... Өзiңе-өзiң жаудайсың,
Өнбейтiн iстi даулайсың.
Төрiңдi жатқа жайлатып,
Төсекте жатып аунайсың.
Аузыңмен орақ орасың,
Тiлiңмен оны баулайсың.
Атымтай сенiң неңдi алған,
Қожанасырдан аумайсың.
Сарала қамыс, cap қамыс,
Саясы кiмге алданыш?!
Самырсын қанат, сарбалақ
Самұрық, көкке самғап ұш!
Жақынның бәрi жарамсақ,
Алыстың бәрi арбағыш.
Балаға бағбан болса игi
Бабадан қалған ар-намыс.
Асу да асу бел қайда?
Аса бiр соққан жел қайда?
Еңiреп туған елi үшiн
Едiге сынды ер қайда?!
Еңiсте малы мыңғырған,
Ежелгi қоныс жер қайда?
Еншiсi бөлек ер ұлан,
Еңсесi биiк ел қайда?!
Атадан қалған көз қайда?
Абыздан қалған сөз қайда?
Алауыз болса арасы,
Ағайын азып-тозбай ма?
Барға да жоққа барқадар
Баяғы бекзат кез қайда?..
Кенеуi кеткен тiршiлiк
Кеуденiң шерiн қозғай ма?..
Бағзының көзi – Балбал тас,
Басына байғыз қонбай ма?
Қара шал тiккен қараша үй
Қараусыз бiр күн қалмай ма?..
Отқа да түскен қызыл тiл,
Шоққа да пiскен қызыл тiл
Бекерден-бекер, құдай-ау,
Заманның зарын толғай ма?!
Аспанның қары алағат,
Алланың нұры ғаламат!
Келген бiр күнге саламат,
Көрген бiр күнге қанағат.
Жаманнан туар жалмауыз,
Жақсыға құмар жамағат.
Қалдымнан қалған Қағанат –
Қазаққа бүгiн аманат!!!