ЕРЛЕРДIҢ IСI БIТЕР МЕ?!
Ереуiл атқа ер салмай,
Еңку-еңку жер шалмай,
Ел iшiне зер салмай,
Ертеңгi күннен еншi алмай
Ерлердiң iсi бiтер ме?!
Жолбарысша жонданбай,
Арыстанша қомданбай,
Абыздарша толғанбай,
Ел тағдырын қолға алмай
Ерлердiң iсi бiтер ме?!
Ұйқысын таңғы таратпай,
Бәйгеге жүйрiк жаратпай,
Жарқырап көзi жанаттай
Елдi аузына қаратпай
Ерлердiң iсi бiтер ме?!
Атқылап күшi қайнардай,
Ақберен жүзi қайралмай,
Кемермен белiн байланбай,
Сапарға соны сайланбай
Ерлердiң iсi бiтер ме?!
Сауыры сазша сөгiлмей,
Арбаға атша жегiлмей,
Маңдайдан терi төгiлмей,
Алғысқа жаны семiрмей
Ерлердiң iсi бiтер ме?!
Түн қатып жүрiп түс қашпай,
Тағдырмен жаға ұстаспай,
Тамырда тарлан күш таспай,
Мақсатпен ұлы ұштаспай
Ерлердiң iсi бiтер ме?!
Арманын атқа өңгермей,
Арумен дертi емделмей,
Жаралы жанға дем бермей,
Қараны ханға теңгермей
Ерлердiң iсi бiтер ме?!
Көзiнде нұрлы шам жанбай,
Жаппарға жалғыз жалданбай,
Харекет кешiп, қамданбай,
Қарадан шығып Хан болмай
Ерлердiң iсi бiтер ме?!
Тағдырдың жолын таптамай,
Аршындап алға аттамай,
Атаның салтын сақтамай,
Ананың сүтiн ақтамай
Ерлердiң iсi бiтер ме?!
Ерлердiң iсi бiтер ме?!