РУХ ШАҚЫРУ
Жұт жаулады көңiлдi,
Жат жайлады төрiмдi.
Желкелерiн май басып,
Серкелерiм семiрдi.
Жұрт көзiнше мықтымын,
Күпi киген күптiмiн!
Желең сөзге жерiкпiн,
Жалаң сөзге жүктiмiн.
Ығай менен сығаймын,
Сыр бермеген сыңаймын:
Абай десең, Абаймын!
Құдай десең, Құдаймын!
«Жетi өлшеп, бiр пiшiлген»
Сыртым көбiк, iшiм жел.
Өз–өзiме келгенде
Өгiз қара күшiм мол.
Арылмадым... арыдым,
Намақұлға налыдым.
Бiр-бiрiне жау қазақ
Қашан таныр Тәңiрiн?
«Балық шiрiр басынан»
Мейманасы тасыған.
Жанбай жатып жасыған
Кiмге сенер жас ұлан?
Дегбiрдi алмай дерт, ылаң..,
Ес жиса екен ерте ұлан.
Ен даланы еншi еткен
Ей, қайдасың, Ер Тұран?!
Халқы жарлы, ханы бай –
Айтарымның анығы-ай!
Алты алаштың ардағы –
Уә, қайдасың, Абылай?!
Байыз таппай жан–дене,
Ой қашады әрнеге...
Жанарынан жай ұшқан
Беу, қайдасың, Хан Кене?!
Адам – азғын,
Тәңiр – ақ.
Шайқалып тұр Шаңырақ.
Берсең еттi бiр хабар,
Уә, алдияр Аруақ?!!