АЗАМАТ БАР МА БЕЛСЕНЕР?..
Жапырақ жанбай өртендi,
Жac сәби өспей ерте өлдi.
Жетелеп кеттi Жезтырнақ
Желкiлдеп жүрген еркемдi.
Көлдерiм менiң көркем-дi,
Белдерiм менiң көркем-дi…
Шетсiз де шексiз Далама
Шерменде, шемен шер төндi.
Баланың денi кемтарлы,
Ананың жаны селкеулi.
Құмдағы құрдым құдықтай
Құлазып көңiлiм, дерт емдi.
Көкпар ғып шаппай серкемдi,
Көсiле жаппай көрпемдi,
Егiлiп iштен ойлаймын
Елестей бұлдыр ертеңдi...
Қойлы ауыл қалды қай жақта?
Жайлауым қалды қай жақта?
Қойны да қоншы қазына
Қойнауым қалды қай жақта?
Қызғалдақ терiп, қызыққа
Тоймауым қалды қай жақта?
Жақсыны жинап жанашыр
Тойлауым қалды қай жақта?
Сабада қымыз сапырған
Сайраным қалды қай жақта?
Майына мұртты матырған
Қаймағым қалды қай жақта?
Таңдайға балын татырған
Қайнарым қалды қай жақта?
Көз тартқан алыс–жақыннан
Айдарым қалды қай жақта?
Аламан топта ақылман
Айбарым қалды қай жақта?..
Төнген соң басқа бар азап,
Жанымда бүгiн жара көп.
Адамнан есе қайырған
Заманнан болдым зәрезап.
Сабырды сарқып Сарыөзек,
Сағынып жұтар ауа жоқ.
Аунақшып жатқан аурудан
Аумайды бүгiн Дала, бақ...
Шалғынды дертке шалдыққан,
Балғынды ерте қан жұтқан
Жазатын емдеп шама жоқ.
Әдiрем қалып ар, әдеп,
Болашақ ұрпақ алдында
Болдық-ау әбден қарабет!
Тiршiлiк – мұнар, тiл – шұбар,
Халiмдi менiң кiм сұрар?
Бiрлiкке бастар түрi жоқ
Тiрлiкке мынау кiм шыдар?
Сүйектен өтiп сыңсуы,
Жиектен жылап Күн шығар.
Түтiн мен ысқа қақалып
Қашанғы кеуде тұншығар?!
Ұл–қызың қайда, Құдай-ау,
Жұлдызға қолын ұмсынар?
Құр елес болса қуғаным
Бiр емес, сағым мың сынар.
Қыры мен сырын бiлмесек,
Қырмызы ғұмыр бiр күнi
Қырынан келiп қырсығар.
Алаштың азат күнi үшiн
Азамат бар ма құлшынар?!
Бiлегiн сайлап, бел байлап
Белсенiп, кәне, кiм шығар?!.