10.09.2022
  119


Автор: Исраил Сапарбай

КЕРТОЛҒАУ

Қара орман,
Қамысты көл,
Қайран, бауым...
Қайтерсiң әлдекiмнiң сайрандауын.
Миықта мысқалдайын мысқыл жатса,
Мүмкiн бе қабағыма қайғы алмауым?!
Жайылып бара жатыр қайғым бойға:
Шалғайды шықпен шалған шалғын қайда?
Қапысыз, қамсыз жүрген қайран күндер
Астынан алты қырдың қол бұлғай ма?..
Уланып тiлiм, дiлiм дерт, iндетке,
Демiктiм дем ала алмай еркiндеп те.
Жағама Жаналғыштай жармасқан қол
Түбiнде, тұншықтырып өлтiрмек пе?!
Сарыарқа – сал самалдай сағынышым,
Жақсының жесiр қалған жарымысың...
Күптiгөй көңiлiмнiң күрсiнi ме,
Сарыөзек, сенiң әрбiр жарылысың?
Сауданы сатып алып сау басыма,
Пәрмен де,
дәрмен де жоқ дауласуға.
Жас көде жарылыстан жапырылса,
Сәскеде сары жаңбыр жаумасын ба?!
Төбеден самұрықша сарыған бiр
Құйқасын үйiт жердiң сары жаңбыр.
Тоңмойын тобасыздың топастығы-ау –
Тоқымдай тозған төбе, арыған қыр.
Айтылмай аталы сөз көмейдегi
Қинайды оңашада көп ой менi...
Аһ ұрған азалы үнiм шығар, бәлкiм,
Сiлкiнiс сексен балдық Семейдегi?!
Жүрегiм әлдекiмге кектi неге?
Өмiрiм... Өксiгенмен, өттi деме.
Жалғады көк пен жердi дегенменен,
Жалмады оттегiмдi «отты кеме».
Заманның улады ма зәрi бойын,
Алқасын үзiп жатыр ару қайың.
Кеуденi кеулей енген керiмсалдай
Өзекке түсiп кеттi-ау сарыуайым.
Көз тартқан көркi қайда бұл даланың? –
Барады күлгiн тартып күллi алабым.
Ұлысты ел,
Күмiс көл мен
Пүлiш белдер...
Заңға ма,
Заманға ма,
Кiмге обалың?
Азайып Алатаудың гүл етегi,
Түнерiп күн өтедi, түн өтедi.
...Тiлектi айта алмаған тiлден қалып,
«Жiбектi түте алмаған жүн етедi!»
Төзiмi тастан берiк, қайран, Далам,
Төсiңде қанша тасыр тайраңдаған...
Күн кеше кеңдiгiңдi кезушi едi-ау
Перi – күй,
Перiште – жыр,
Пайғамбар – ән...
Төскейде төл жамырап,
Мыңғырған мал,
Жеткiзбей қинаушы едi-ау дүлдүлге арман.
Ақбоздан абайсызда ауып қалып,
Не шара, шығып кетсе шылбыр қолдан.
Жаһанның жанымды жеп жалдаптары,
Қай заман көкiрекке қан қатқаны?!
Даламның асты үстiне аударылып,
Қай заман шалғынымды шаң қапқалы?!
Аттанып жаһаннамға гүлдiң жаны,
«Әлемдi алты орады Тыңның наны...»
Айналып айнакөлдер айтақырға,
Көзiмнен бал-бұл ұшты бұлбұл бағы.
Таутеке... тас боп қатып шатқалдағы,
Көл түгiл, құлан безер қақ қалмады.
...Ақ қаншық – ақпаннан да азулы екен
Мезгiлдiң алмағайып «ақтаңдағы».
Көбейiп «мәңгүрт» деген ел қарасы,
Жыртылды жақсылардың жең, жағасы...
Тозақтың тап болғандай тамұғына
Қазақтың жапа шектi-ау кең даласы.
Тiнткiлеп, тiмiскiлеп теңiз, көлдi,
Судан да, құрғақтан да кен iзделдi.
Қазылып, қайда барсаң, «Қорқыт көрi»,
Қағынып, қабынбаған немiз қалды?!
Алған соң дала құптап, қала Қаулы,
Қам тұттық қас-қабаққа қарамауды.
Денеден ет кессе де елең етпей,
Салқындық, самарқаулық санаға ауды.
Ұрда-жық дүниеден ұғынғаным:
Тәттi екен шырыннан да шыбын жаным.
«Бермесiн табиғаттың тартып алып...»
Асып тұр кешегiден бүгiн бағым!
Желiгiм бiр басымнан жетiп-асты:
Өңi азып,
Жер ананың етi қашты.
Тып-типыл айналасын жалмап–жұтқан
Ұқсаймын Жалмауызға жетi басты!
Ой – бұзық,
Пиғыл – терiс,
Ниет – жаман
Үй ақтап,
Басыр көзбен ұят бағам.
Жерде аң,
Көкте қанат қалдырмаған
Керауыз кесiр неме сияқтанам!
Гүл жайнап жатпаған соң жайлау-жайым
Көңiлдi қайда барып, қайда аулайын?
Қоңыр үй,
Қоңыр өмiр кешем-дағы,
Қолтығын тұман кезген қойнаудайын.
Қорымдай қоңырайған қоңыр өмiр
Ториды торда жатып төңiрегiн...
Кеудеге қайсыбiрде қайрат жиып,
Келедi қайсыбiрде еңiрегiм...
Ой кешiп,
Ендi қайда бой жазамын?
Өлмеске қам жасайды қай қазағым? –
Қызыл шоқ көкiректiң бiр қыжылы
Қайғының қайнатуда Тайқазанын!
Жұдырық бiр ашылса, бiр жұмылып,
Байсал ой басу айтар зыр жүгiрiп.
Жақыннан күдiк-күмән жан күйзелтiп,
Алыстан мұнартады бұлдыр үмiт...
Кiм бiлген, көкiрегiнде сезiм жоқ па –
Өтпейдi өлердегi сөзiм жатқа.
Қатары сексеуiлдей селдiр тартқан
Қарайды қара тұтып көзiм баққа.
Санаға салмақ салса сары-ала бау,
Сарқылған Балқаш мынау, Арал анау...
Жазымдас жәми жұрттың тағдырымен
Жазылмас жанымда бiр жара бар-ау?..
Жазылмас жанымдағы сол жараны
Кiм көрiп,
Кiм айтпай-ақ аңғарады?
«Жаңбырын» сарқар ма екен Сарыөзегiм?
Тағдырдың тартар ма екен оң қабағы?..
Жоқ, әлде...
Жол таба алмай ар-иманға,
Салтым да,
Жоғалмақ па қағидам да?
Ақ сүттi, сар қымызды, қайран, Дала,
Қалайша айналмақсың Полигонға?!
Аздырып Аралды да, маралды да
Айналса Полигонға Далам мына, –
Қараймын қай бетiммен баба алдына?
Қараймын қай бетiммен бала алдына?!
Бар мұңым,
Бар қайғыммен,
Бар шыныммен
Болмысқа борда тозған қарсымын Мен!
... Жанарды елжiретiп жарық күнге,
Таң алды көрсем деймiн тамшы гүлден.
Ежелден бiр тосқын бар мың асқанға,
Тосқынға тасқын жалдап тыраштанба.
Бiлiнбек жарық таңның жақсылығы
Күлiмдеп шыққан сайын Күн аспанға.
Тау екеш таудың басы шашыңнан ақ!
Жабықпа,
Жапа шекпе,
Ашыл, қабақ!
Жамыра,
Жасар,
Көгер көкке қарай,
Жапырақ – талға бiткен жасыл қанат.
Азбайды, тозбайды жер Күн барында! –
Қаз басар,
Қайта түлер құм да, қыр да...
... Iзiмдi алтын нұрмен аптайды әлем,
Жүзiмдi жұмақжайға бұрғанымда!





Пікір жазу