10.09.2022
  109


Автор: Исраил Сапарбай

ТАҒДЫР

Таз-тақыр жолдан тайғанап бүрсiз табаным,
Ауылды тастап қалаға қайтып барамын?
Талтаңдай басып баратқан менiң соңымнан
Жаутаңдай қарап жанары қалды-ау ананың...
Ақ жүзiн желпiп... жаулығы қалды-ау
жел өпкен,
Жүгермек жүрек, бүлк еттiң неге кенеттен?
Қатынын талақ тастаған қара талыстай
Қаршадай неме, қалаға сонша керек пе ең?
Сатулы сәлем,
Қатулы неге қас-қабақ?
Қара жол мынау қай саққа сенi бастамақ?
Қармақпен қармап қалада «алтын балықты»,
Салмақ па ең Қытай қорғанын, әлде,
тас қалап?!
Баланың емес, бабаның кебiн байқағыр,
Батпандай зiлдi басыңа салды қай Тәңiр?
Қарайған ауыл, қалқайған қара кемпiр ме –
Қайрылып артқа қарасаң еттi қайта бiр?..
Тағдырдан саяқ, тiрлiктен таяқ тiленген
Қатiгез неме, қайтпайсың ендi, бiлем мен!
...Таң атпай неғып түсiме ендiң, құдай-ау,
Қалақтай қайық, қайранға келiп тiрелген...





Пікір жазу