10.09.2022
  145


Автор: Исраил Сапарбай

ҚАЛА

Салбөксе ел,
Сарқынды көл,
Сасық ауа...
Саған да кейбiреулер ғашық-ау, ә!
Ауыл жоқ,
Алай-дүлей дауыл да жоқ,
Аулаққа кеткiң келер басың ауа.
Қорымжай...
Қондырар ма түнемелге,
Алладан аман-саулық тiлегенде?
Қасында қалғып кетсем жан анамның,
Басында қабірімнің гүл өнер ме...
Қоңыржай леп еседi тәмәм жақтан,
Арудай ақ дидары алаңдатқан.
Өмiрге сенсем бе екен жас балаша,
Қабiрге енсем бе екен... анам жатқан?..
Ауыл жоқ,
Анам да жоқ,
Қайда барам?
Қайдасың Перiште-өлең, Пайғамбар-ән?
Ел де жоқ, иен дүниеде елес те жоқ,
Iздеймiн өзiмдi-өзiм айдаладан.
Аулаққа кеткiм келдi елден безiп,
Арасын жер мен көктiң желмен кезiп.
Миықтан өшпей қойды-ау ащы мысқыл,
Иықтан түспей қойды-ау шерменде жүк.
Желдiң де, ерер едiм, тұрағы жоқ,
Елдiң де, көрер едiм, сұрағы көп.
Жүрегiм Самарқанның көк тасындай,
Еритiн он екi айда бiр-ақ рет!..
«Аш қарын майлы ас жемей жұбана ма?..»,
Жалғызым қайда жүр деп жылама, ана.
Қанымды теспей, кеспей сорып жатыр
Торындай өрмекшiнiң мына қала.
Тағдырдың тастай қашып тас қамалын,
Мен неге басқа өмiрдi бастамадым?
...Құс екеш құс та қайтып бара жатыр,
Қондырып қанатына аспан әнiн...
Салбөксе ел,
Сарқынды көл,
Сасық ауа...
Саған да кейбiреулер ғашық-ау, ә!..
Ауыл жоқ,
Алай-дүлей дауыл да жоқ,
Аулаққа кеткiң келер басың ауа…





Пікір жазу