САНА СЫРҚАТЫ НЕМЕСЕ БҰҚАРҒА ЕЛIКТЕУ
Сөз салар сабаз таппай Сабалаққа,
Жанарым жаутаңдайды жамағатқа.
Сiресiп әкiм отыр «әткеншекте»,
Сыра iшiп ақын отыр саябақта.
Қарабай қамшы үйiрiп Қанағатқа,
Атымтай адасып жүр Дала жақта.
Жұлдызым жұлдыз емес, Айна-көкте
Айналып кеткен бiлем қара даққа...
Жабысып жарым түнде жарау атқа
Қарақшы қараша үйдi тонамақ па?..
Қаратал саусақтарын тарбитады
Қап-қара жұлдыздарды санамаққа.
Қасында қарайлайтын бала жоқта,
Қара шал қарғыс айтар қағанатқа.
Қараша үй,
Қара қорым,
Қайран, ауыл
Қарайды қамкөңiлмен қала жаққа.
Қанатын жайып бiр Құс бар алапқа,
Тарапқа Тамұқ түнi тарамақ па?..
Қап тауын қара бұлт жайлап алып,
Қағбаны қара тұман орамақ па?..
Құдайым бұйырмағай жаманатқа –
Жай түстi жазатайым мана баққа...
Аққудың қауырсыны көкте қалқып,
Қарғалар қарқ-қарқ күлер жаға жақта.
Шалқуға, шалқаюға шама жоқта,
Пақырға, Хақ-тағала, табалатпа.
Қалқайған қара бастан қандай қайыр,
Қасыңда қауқылдасар қара жоқта?!
Қайдағы қағынған ой қарақатпа
Қайтерсiң қамап, қанап бара жатса?
Қарайтын қатынға да бет қалмады
Таусылған аппақ ұны қара қапша.
Бесiкте белi бекем бала жоқта
Есiктен Қыдыр баба қарамақ па?..
Ошақта ойнап жатыр от пен жалын,
Қазанда қайнап жатыр қара ботқа.
Сабылып соқа басым сан алапқа,
Сазандай аунақшиды санам отта...
Бүйрегiм бүлк етпейтiн болып алды
Ғайыпқа,
Ғажайыпқа,
Ғаламатқа...
Айналып жазған басым ала допқа,
Тағдырым таңылғандай тағалы атқа.
Атсаң оқ, айтсаң сөзiң өтпейтұғын,
Шынымен бұл шiркiнге шара жоқ па?