«ҰЛЫ КӨШТIҢ» ҰРПАҒЫ
Көш озды...
Көне мекен, қабір қалды...
Қаранар қара жолда тағы ырғалды.
Көшкен жұрт көкжиекке көзiн сатып,
Қалған жұрт қайыстырды қабырғамды.
Тұяғын тасқа жанып тағы да аттар,
Шайқалды нар қомында шаңырақтар.
Шошайтып саусақтарын со-н-ау жаққа,
Қош айтып қала бердi аруақтар...
Қорымжай,
Қоңыр ауыл,
Құба мекен..,
Қол бұлғап, қош айтқанға Жұмақ екен!
Құдай-ай, мына құйттай дүниеден
Қалайша жылап келiп, жылап өтем?
Қия алмай жылап жатқан бұлақ екен!
Көш озды...
Алған беттен айнымадым,
Жыламай қалды дейсiң қай бұлағым...
Томпайып мола қалды төмпешiкте,
Қайшылап қабір қалды Ай-құлағын.
Ойнағы,
Оймағы, әлде, қап барады –
Қаракөз неге артына жалт қарады?
Дән терген алақаннан ақ кептердiң
Қайтсiн-ай, бүлкiлдейдi ақ тамағы...
Сыңсы көл,
Сылаңда жел,
Сызда мекен...
Тағдыры тарпаң ұлдың түз ғана екен!
Кiм десем елжiреткен жүрегiмдi –
Қиғаш қас, қимас қалқа – Қыз бала екен!
Болғанда түн – қарақшы,
Таң – жолдасым,
Аллаға жалбарынам, бар болғасын...
Екi елдiң елшiсiнен бетер болды-ау
Екi оттың арасында қалған басым.
Көш озды...
Көне мекен артта қалды.
Көк мұнар көз алдымды қаптап алды:
Басынан Қаратаудың көш құлатқан
Ерiксiз есiме алдым «Ақтабанды»...
«Ақтабан»...
Сол баяғы «шұбырынды»...
Әнiмнiң бiрi сазды, бiрi мұңды.
Тәңiрге не жазып ең, қайран, қазақ,
Көшпенен тауысардай ғұмырыңды?..