КӨШПЕНДIЛЕР
Ей, бұлт!
Сен – көшпендi, мен – көшпендi,
Кiм кештi сен кешкендi, мен кешкендi?
Заманның арғы-бергi ауанында
Көргем жоқ Көшпендiге шендескендi!
Болған жоқ сенде тыным, менде тыным,
Кеңдiктiң түзеймiн деп кем-кетiгiн,
Сен жүрсiң дабыл қағып көк аспанда,
Мен жүрмiн шаңын қағып жер бетiнiң!
Сен көштiң көздiң құрты – биiк тауға,
Басында байыз тауып ұйықтауға.
Мен көштiм ат құйрығын желге байлап,
Қанымды қалғып-мүлгiп ұйытпауға.
Ей, бұлт!
Сен де кезбе, мен де кезбе,
Бiздерге желiк берген жел де кезбе.
Баламыз даламызды қорғасын деп
Анамыз ұл тумапты ерден өзге...
Қашаннан қаным менiң қырық сiдiк,
Намысым, намым менiң – Түрiкшiлiк!
Қарыс жер қабiрiме айналса да
Кеткем жоқ құрдымға енiп, құрып, шiрiп!..
Сол күннiң айбыны мен қайда сәнi?..
Жүрекке жүк түспесе, май басады.
Өмiрiм көрге қарай көш түзесе,
Көңiлiм төрде қалай жайғасады?!
Сол күннiң сарқытындай – жақсы қайда?..
Қамықсам қаным басқа шапшымай ма?!
...Тас ақын, тас батырмен мұңдасамын,
Табынған таңғұттардай тас құдайға!
Жайымды жан ұқпаса жүрген, барған,
Тас мүсiн не айта алсын тiлден қалған,
Бүгiннiң бекбикесi – Түлкi болса,
Түлкiнiң бет-пiшiмi мүлдем жалған!
Ей, бұлт!
Сен де арманда, мен де арманда,
Екеумiз симай жүрмiз кең жалғанға.
Ез тұрмақ, ер де еңкiлдеп жылайды екен.
Орнында көшкен жұрттың ел қалғанда.
Сен жүрсiң көк аспанда көшiп-қонып,
Мен жүрмiн мең-зең күйде есiк қорып, –
Көлденең көзiн сатқан көк аттыға
Көнiм мен көйлегiмдi шешiп берiп.
Мына – тау,
Анау – айдын,
Құба – дала
Құбақан құлдығымды құп ала ма?
Рухым қалғып кеткен қайта оянып,
Намысым қайта тiктеп тұра ала ма?..
Ей, бұлт!
Сен төбеде, мен төменде.
Ақынның еркi өзiнде, дертi өлеңде!
Қашанғы, қайран сөзiм, қор болмақшы
Сезiмi селк етпейтiн «серкелерге»?!
Көп арман,
Көксей-көксей көп тiлектi
Қанша күн көз жасыммен кептi, кеттi...
Ендiгi мүлгiгенiм елден ұят!
Ендiгi қалғығаным жеттi, жеттi!