КӨҢIЛ АУАНЫ
Сарайдың салтанатты салтын бағып,
Басынан шiрiп жатыр алтын балық.
Жадылар атқа қонған жат қоғамнан
Қай жаққа кетсем екен халқымды алып?
Соңымнан ерер ме екен қара халық
Тiлiмен ащы тұзды жалап алып?
Жоқ, әлде ұлыр ма екен Айға қарай
Көкбөрi көшкен жұрттан дара қалып?..
Көшкен жұрт...
Тобырым-ай, қоңырым-ай,
Қарайды саған неге торығып Ай?
Ойдан да, орманнан да опа таппай
Қор болған, қайран, менiң өмiрiм-ай!..
Көкбөрi,
Кiмге керек ұлығаның?
Сенiң де ұли-ұли құрыр әлiң...
Ерiнген, есiнеген бұл қазақтың
Құлға да, Құдайға да сыры мәлiм.
Қалған соң жүрек тұсым шаншып тағы,
Кесiп ем тамырымды – қан шықпады.
Тұқымы тұздай тозып Көкбөрiнiң,
Қасқырдың қалған бiлем қаншықтары.
... Балықтың басы шiрiп, құйрық қалды.
Халықтың бәсi құрып, билiк қалды.
Үмiттi алты қырдан асырып сап,
Ұмытты Көкбөрi де ұйлыққанды...