Бүгiнде бiрегей кiм, кiлегей кiм?
Бүгiнде бiрегей кiм, кiлегей кiм?
Ақын да бұл қоғамда бiрi өгейдiң.
Алманың сағағындай басымды иiп,
Алланың тек алдында жүрелеймiн.
Өңгесi...
Өңгесi ме, өңгесi ме?..
Адамға керек пе екен көп несiбе?!
Санаға сауал салған Абай сөзi
Ұқсайды-ау көнекөздiң көмбесiне:
«Әркiмнiң мақсаты өз керегiнде,
Бiлмедiм мықтысын да, зерегiн де...»
Қайыңға, қамқор, қалқан бола тұрып
Еменге емексидi терегiң де.
Ұқсайды емен кiмге?
Терек кiмге? –
Ел-жұртты елеп жатыр елек күнде.
Намысын кешегi өткен Нар ұлдардың
Бiлмеймiн, ер еттiм бе, жер еттiм бе...
Бiлмеймiн,
Абайың да бiле алмаған!
Күнiме өтiп жатқан күмәнданам.
Алдымда алмағайып жолым жатыр
Түлкiнiң құйрығындай бұлаңдаған.
Бiлмеймiн,
Бiлуге де ынтық емен,
Түп атам туыс емес Түлкiменен...
Жаныма жат дүниенiң бет-бейнесiн
Жасырып жүрмiн жалған күлкiменен.