10.09.2022
106
![](/uploads/shorttexts/author_image/34f961878e9caa842f7929d590d77c33.png)
АБАЙША
Кiмге керек құр мақтан
Тамағыңды құрғатқан?
Нәзiрiмiз бiр мысқал,
Қарызымыз мың батпан.
Қос жұмыртқа ұртымда,
Мың бал ара мұртымда.
Басып бара жатырмын
«Жыртыл, қазақ, жыртылға»!
Кiмге керек бөспелiк?
Аман-cay ма көш-көлiк?
Шашыламыз шалқайып,
Төгiлемiз төс керiп.
«Ғылым таппай мақтанба,
Өнер таппай баптанба...»
«Мәз болады болысың
Арқаға ұлық қаққанға...»
«Сап, сап, көңілiм, сап, көңілiм...»
Қай заманға тап келдiм?
Көрiнгеннiң көзiне
Шырын-шербет тәттi елмiн.
Қызықпайды балға кiм?
Жалаңдайды жан–жағым.
Түбi тесiк қалтамын,
Ашықауыз қамбамын.
Барым – тапшы, жоғым – мың,
Бақытым кiм?
Сорым кiм?
Саратанда сауынмын,
Сары аязда соғыммын.
Келген бар да кеткен жоқ,
Енiп жатыр еппен кеп...
Ұясына қонбай тұр
Қыраным да көкке өрлеп!
Ұраным да көкке өрлеп!