10.09.2022
  167


Автор: Исраил Сапарбай

ЖАЛМАУЫЗ

Жалма, жалма!
Қалдырма,
Бәрiн жалма,
Жалынғанға,
Қарама жарымжанға.
Жалмауыздар жаһанды жайлайды екен,
Дүниенiң қауызы тарылғанда.
Жалма, жалма!
Үйiңдi, ұяңды жұт.
Қайыршы арман,
Қаңғыбас қиялды ұмыт.
Кiмге керек бүгiнде, құдайым-ау,
Үркек ұят,
уыз ар,
ұяң қылық?!
Жалма, жалма,
Жетi бас жебiр неме!
Көмiрге де ауыз сал, темiрге де!
Көмейiңе көмiлген аруақтар
Көрiңде де,
Өкiрсiн төрiңде де!
Елдiң мұңын,
Қайтесiң жұрттың сорын,
Ашылып тұр араның, мықтым, сенiң!
Алматы мен Астана пойызындай
Әрлi-берлi жүгiрсiн жұтқыншағың.
Мынаны жұт,
Қалдырма, ананы жұт!
Ауылды жұт!
Малды жұт!
Даланы жұт!
Қабірді жұт!
Қамбаны, қаланы жұт!
Сабырды жұт,
Салтты жұт,
Сананы жұт!
Аспанды жұт!
Ауа мен Жердi жалма!
Жерден асқан жаһанда шерлi бар ма?!
Зәу-заттарды илейдi ендi есерлер,
Бау-бақтарды билейдi ендi Қарға!
Көлдi қылғыт,
Көктегi Күн, Айды жұт!
Теңiздi жұт!
Мұхитты, мұнайды жұт!
Қиығымен көзiнiң қарап қойып,
Миығынан отырсын Құдай күлiп…





Пікір жазу