Санаға тiл тигенде талай шұбар...
Санаға тiл тигенде талай шұбар,
Сарқылмай сабыр шiркiн қалай шыдар?!
Атан түйе тарта алмас сауал артып
Қайда барсам, алдымнан Абай шығар.
Айыра алмай арасын ақ-қараның
Айып тағар жайым жоқ топқа қалың.
Ойға қалсам, алдымды орағытып,
Қайда барсам, Абайға тап боламын.
Iндетпей-ақ табатын iздесе кiм
Бойымда әлi мың дертiм, жүз кеселiм...
Ағайынмен араға айлар салып,
Абайыммен күнара жүздесемiн.
Жер қаһанын,
Бойсұнбас көк көсемiн
Бойымда әлi көп дертiм, көп кеселiм...
Айығудың амалын айта ма деп
Адым сайын Абаймен беттесемiн.
Ол – данагөй,
Ол – алып,
Ол – еңселi,
Көз аяңа сыймайтын көлем, шегi.
Аңыз емес, айналып кеткен бiлем
Аңызаққа аһ ұрған шемен-шерi...
Салмағынан жаншылып сан сұрақтың
Жаным жүдеп, жүрегiм қансырап тұр.
Қайтсем жарық етем деп қараңғыны
Абай атты алдымда Шамшырақ тұр!
Қара шекпен жамылған қара өлеңдi
Кiм қастерлеп бүгiнге ала келдi? –
Адамзаттың айналып ақынына
Абай жаулап алса екен бар әлемдi!