10.09.2022
  62


Автор: Исраил Сапарбай

Тiршiлiкте мұнарланған

Тiршiлiкте мұнарланған
Күнiм бар ма құмар қанған?
Таң нұрымды талшық еттiм,
Жарық жалдап Шырағданнан.
Тағдырымды алып шықтым
Тас түнектен,
Тұмандардан...
Талай жолды басып өттiм,
Талай таудан асып өттiм.
Жалын аттым Жанартаудай!
Дәмiн таттым қасiреттiң...
Нанын жедiм Жер-ананың,
Қамын жедiм қасиеттiң.
Татқан дәмiм малта болды,
Жатқан жерiм торқа болды.
Қаратауым қалқа болды,
Алатауым алқа болды.
Аққан қаным айдын болды,
Төккен терiм сорпа болды!
Тай күнiмнен тарпаң болдым,
Алды-артымды ерте аңғардым.
Ақ саумалын себеледi
Алдымнан Ай, арқамнан Күн.
Әлi талай алп-алп басып,
Әлi талай балпаңдармын!..
Елiм дедiм,
Жерiм дедiм,
Ен далада шеруледiм.
Еңкейген жоқ еңсем менiң,
Сөгiлген жоқ шебiм менiң!
Жалауыма нұр жалатып,
Жарқырады көгiмде Күн!
Талай жаумен шендестiм мен,
Талай жаумен белдестiм мен!..
Бетегелi жерде өстiм мен,
Бейбiт жатқан елде өстiм мен.
Елiм барда,
Жерiм барда,
Өмiр барда өлмеспiн Мен!





Пікір жазу