10.09.2022
  107


Автор: Исраил Сапарбай

ҰСАҚТАР МЕН ҰЛЫЛАР

Уысында ұстайтын ұлы халық
Ұсақтардың қашанда күнi ғарiп.
Көресiнi көрермiз әлi талай
Көкбөрiше аспанға ұлып алып...
Кеше бiз де ұлы едiк...
Тұран едiк...
Қанаттының көктегi қыраны едiк,
Санаттының жердегi сыңары едiк...
Қалмайды екен ұлылық мұра болып.
Түркi – ертегi,
Бүгiнде Тұран – аңыз,
Көрiнгеннiң аузында сыбағамыз.
Ұлы көштiң жұртында қалып қойған
Қара бақыр құны жоқ құрамамыз.
Түркi – ертегi,
Бүгiнде Тұран – аңыз,
Болмашыға баладай жұбанамыз.
Ұлардайын шулаған ұл-қыздарын
Уатпайды Ұмайдай ұлы анамыз.
Ұмай ана –
Ұл туса аппақ ана,
Таусылар ма ем таласып таққа бола?!
Бас-басына би болған өңкей қиқым –
Ұсақтарды неғылсын Хақ-тағала?!
Күлдiбадам,
Күлбiлте,
Күнi – ғарiп
Ұсақтарды неғылсын ұлы халық.
...Көк етiмдi сөгемiн түн баласы
Көкбөрiше аспанға ұлып алып!





Пікір жазу