meta charset="utf-8"> Қазақша портал

  10.09.2022
  163


Автор: Исраил Сапарбай

ЖАС ҚАЗАҚ

Жалғанда жалғыз Құдай бар,
Басыңнан сипар басқа жоқ:
Жайыңды сенiң кiм ойлар,
Жанып бiр туған, Жас қазақ?
Құйылса көктен қаршыға,
Құрбаны қашар сайлақпен.
Өзiңдi-өзiң қамшыла!
Өзiңе-өзiң қайрат бер!
Мүлгiген жетпес мұратқа,
Қалғыған мiнбес құр атқа.
Көңiлiң жүрер Жұмақта,
Көзiңдi салсаң жыраққа...
Тiлеуiң болса адал, ақ,
Тамшыдан теңiз құралар.
Атадан қалған аманат,
Бабадан қалған мұра бар.
Тақымға көнбей талабың,
Таймасын тұяқ тақырда.
Айласы басым ағаның
Ақылына ерiп аһ ұрма.
Ажалдың құрып амалы,
Сақтасын сенi Құдайым.
Кешегi күннiң сабағы
Сананда жүрсiн ылайым.
Тағдырың тәлiм баршаға,
Ақиқат жолын айғақтар.
Араңда әлi қаншама
Ләззаттар менен Қайраттар!...
Сатулы бүгiн сәлем де,
Қатулы бүгiн қас-қабақ.
Қатiгез мынау әлемге
Қасқайып қара, Жас қазақ!
Қашаннан қаскөй қиянат
Қайтерсiң батса шымбайға.
Береке, бақыт тиянақ
Табатын, қайран, күн қайда?
Айдаһар ашса аранын,
Дәрменсiз қалма, дал болма:
Халқыңның тағдыр-таланын
Қаймықпай, қане, ал қолға!
Шала ұйқы көрер шақ туды
Саған да, жаным, маған да...
Абылайдан қалған ақ туды
Алып бiр шықшы Алаңға!!!





Пікір жазу