10.09.2022
  83


Автор: Исраил Сапарбай

ШЕРТОЛҒАУ

Арылмай алдым тұманнан,
Жүрегiм бүгiн жыларман.
Өмiрге келу – бiр арман,
Өмiр деп өлу – бiр арман.
Заманның желi тиылмай
Құбылып соқса құйындай,
Қырмызы қызыл гүлдерiм
Қиылмай қайтсiн, қиылмай?!
Олай да бұлай бораған
Сол құйын... сойқан сол Алаң
Нарымды менiң құлатып,
Барымды менiң тонаған.
Тағдырмен тайдай тебiскен,
Meнiмен уды бөле iшкен,
Айғағы сол бiр күндердiң
Қайда жүр екен Перiштем?..
... Есiмде сол сәт қас қағым:
Бозарып тұрған аспаным,
Жұлыннан тиген жұдырық,
Жұлынған қолаң шаштарым,
Жазықсыз қанның аққаны,
Жауыздың жала жапқаны.
Тұйғынның тайып топшысы,
Құзғынның тоят тапқаны.
Қызарып Күннiң батқаны,
Сазарып таңның атқаны.
Бүлiктiң басып түймесiн,
Ұлықтың елдi сатқаны,
Аязда қанның қатқаны,
Маңайды тұман жапқаны.
Мыстанның мысқыл үйiрiп,
Дұшпанның кердең қаққаны;
Үзiлген үмiт арқауы,
Қабаған иттiң қорқауы,
Толықсып келген толқынның
Талықсып барып тарқауы...
Айтылмай шердiң iштегi,
Құлынға құрық түскенi.
Ағаның дәндеп араққа,
Iнiнiң iрiң iшкенi.
Сұмдықтың етек алғаны,
Шындықтың жеке қалғаны.
Қайырсыз күннiң қазаққа
Қайрылмай кете барғаны.
Iбiлiс жайлап iргенi,
Қораға қасқыр кiргенi,
Төгiлген қанның өтеуi
Төленбей әлi жүргенi.
Әкiмнiң қорқып, бұққаны,
Батырдың қайғы жұтқаны.
Жанымның жапа шеккенi,
Арымның аза тұтқаны!..
Iшiнде қапас түрменiң
Қаншырдай қатып жүргенiм,
Түлкiге сырымды алдырмай
Iлкiде кiрпiк iлгенiм.
Қасарып қабақ түйгенiм,
Өртенiп, жанып, күйгенiм!..
Өмiрдi мынау өлердей
Өзегiм тала сүйгенiм!
...Осылай да осылай бiр мезет
Алайын мен де тiл безеп.
Аман-cay тұрса дүние
Бiзге де келер бiр кезек!
Бiзге де келер бiр кезек!!!





Пікір жазу