meta charset="utf-8"> Қазақша портал

  10.09.2022
  145


Автор: Исраил Сапарбай

Аузына қарай-қарай әр көсемнiң

Аузына қарай-қарай әр көсемнiң
Аужайын сезгендеймiн бар кеселдiң.
Тағдырым әлiмсақтан алмағайып
Қолында әумесер мен баукесердiң.
Керiп тұр уәденiң желi iшiмдi,
Кетпегей жел ұшырып жемiсiмдi...
Кiм менiң өзегiме өрт тамызып,
Кiм маған өз елiнде төр ұсынды?
Жүргенде қарауылдап қала маңын
Ұмытып кетсем керек Дала заңын...
Кiм ұғар мен ұқпасам ана жанын?
Кiм айтар зар-күйiгiн замананың?!
Төбеге шығып алып ылғи мықты,
Қарғаның қасидасын Қырғи күттi...
Мың бастың мыжымасын кiм тыңдайды,
Тағында тапжылмаса бiр Құйрықты?!
Таусылып не жыным бар таққа бола,
Бәрiне таразыбан Хақ-тағала...
Балаққа өрмелеген сұр жыланды
Тайтұяқ табаныңмен тапта, бала!
...Алаңда сумаңдайды жел өкпегi,
Заманға қу маңдайлы ел өкпелi...
Қай мұңың жетiп жатыр мына бiзге,
Әйгiлi Желтоқсанның желектерi?!
Жазықсыз уыз тәннен қан шашырап,
Жалп етiп өшiп қалды қанша шырақ?..
Қазақтың төрiнде екен барша төзiм,
Қазақтың жерiнде екен барша сынақ!!!





Пікір жазу