ӨҢ МЕН ТҮС
..Қас-қабаққа қарағансып,
Айды аймалап, құшып Күндi,
Таңы айрылған Алақаншық
Тағы да бiр күшiк туды.
Күшiк өсiп итке айналды,
Қожайынның қорасында.
Сiрке өсiп битке айналды
Бас пен балақ арасында.
Арман – ауру, қиял – ғарiп,
Қайран, қазақ, бала сынды...
Аңғалдығым жиi алданып,
Адалдығым аласұрды!
Ұйқы – залал, күлкi – жалаң,
Тауды тұман тұмшалады.
Бұлаңдаса Түлкi – заман,
Тазы болып кiм шалады?
Көңiлiмнiң қошы кәнi,
Бiр күн тiрi, бiр күн өлi.
Неден жаным шошынады?
Неден көңiл үркiнедi?
Төбе биiм төрiмдегi
Керiледi, кекiредi.
Аруағым көрiмдегi
Өкiредi, жекiредi...
Кеше келген келiмсегiм
Бастан аттап басынады.
Қойнымдағы келiншегiм
Әлдекiммен ашыналы...
Қайтсем екен Түстi мына?
Қайда безiп кеткен Өңiм?..
Қараймын да ұсқыныма,
Өзiмдi-өзiм жек көремiн!