БАЙШЫКЕШ
«Бетеге кетiп бел қалар,
Бектер кетiп ел қалар…»
Бел шұрайы-бетеге
Көктем келсе бүр ашар,
Жер шырайын гүл ашар,
Маусым жазға ұласар.
Ел шырайы-бектерiм,
Шен-шекпендi, көп көрiм
Бет пердеңдi кiм ашар?
Бейiлiң бар ма сыр ашар?
Бет қашанғы бүркелер,
Кiмге керек түлкi «өнер»?
Замананың зауалы
Залалдыға бiр келер…
Суда жүзген қалытқы
Қармақсыз не алыпты?
Қаперiңе алсаңшы
Мынау қара халықты.
«Еркетайы» елiмнiң,
Ел жайында не бiлдiң?
Үстiндесiң ауырдың,
Астындасың жеңiлдiң.
Iшiң дүлей, сыртың жәй,
Тiлiң майда, ұртың май.
Қаулап өсiп барасың
Қалыңыңнан құртылмай.
Қыршыныңнан қырқылмай.
Қолды-аяққа сынаптай
Тұрмайтын да өзiңсiң.
Өрмекшiдей торыңмен
Шырмайтын да өзiңсiң.
Барың менен жоғыңды
Бұлдайтын да өзiңсiң.
Арың менен жаныңды
Құндайтын да өзiңсiң.
Құдай менен былайдан
Қыңбайтын да өзiңсiң.
Қараспанын қайғының
Ұрмайтын да өзiңсiң.
Дүниенiң байлығын
Мұңдайтын да өзiңсiң.
Ары қарай ниетiңдi
Ала қашып Алладан,
Берi қарай бетiңдi
Бұрмайтын да өзiңсiң…
Бетегеден биiксiң,
Көрер көзге күйiксiң.
Осыншама «бiлiктi»
Бiр басыңа жиыпсың.
«Сенген қойым сен болсаң,
Күйсегенiңдi ұрайын!»
Жылмаңдаған Тазыға
Жете алмаса Құмайым,
Кiмге арзу айтайын,
Кiмнен медет сұрайын?
Сабын түбi – алқынды,
Сана түбi – сарқынды.
Сарқындыдан ылайым
Сақтағайсың, Құдайым!..