meta charset="utf-8"> Қазақша портал

  10.09.2022
  125


Автор: Исраил Сапарбай

МЫҢ ЖЫЛДЫҚ АРМАН

Көрсем екен тезiрек Көктем басын,
Көзiме оттай басылып бөктер жасыл.
Олай сiлтеп бишiгiн, былай сiлтеп,
Көкорайға түссе екен көктен жасын!
Құласа екен құлқымен егiнге күн,
Жыласа екен дүние ебiл-дебiл,
Көрiнсе екен мұнартып көгiм менiң,
Емiнсе екен құмартып ерiнге ерiн...
Қыс қылышын сүңгiтiп қынабына,
Тiл бiтсе екен қайтадан бұлағыма.
Құба таңнан ұйқымды шайдай ашып,
Құстың әнi келсе екен құлағыма.
Көкжиектен керуен көшiп берi,
Ашылса екен әлемнiң есiк, төрi.
Кеңейсе екен пейiлi тiршiлiктiң,
Көбейсе екен балақан бесiктегi.
Алқындыдан арылып аула мына,
Қашан жетем самалдың саумалына?
Қарғалардың заманы қараң қалып,
Қашан қонар бұлбұлым бау-бағына?..





Пікір жазу