10.09.2022
  84


Автор: Исраил Сапарбай

Әддiңе бақ, бiлмесең...

Әддiңе бақ, бiлмесең:
Ән – әулие, жыр – шайх.
Ақындарды тiлдесең,
Аузың қалар қисайып!
Шабыт келмей шайхы да
Жаза бермес жырды ұдай.
Киесi оның – Майқы да,
Иесi оның – бiр Құдай!
Пақырым-ау, пайым аңғар,
Парасатың келiссе:
Ұлысы оның – Пайғамбар,
Iрiсi оның – Перiште!
Тiлегiне жеткерген
Тiрлiгiнде кiм-кiмдi?
Мұхаммед те көп көрген
Қуғын менен сүргiндi...
Көмгеннен соң «қайғырып»
Көлгiрсiну мiндет пе?!
Пенделерден қаймығып
Перiштелер жүр көкте...
Жарағымен жақынын
Жасқамаған ер мықты!
Ауызынан ақынын
Тастамаған ел мықты!





Пікір жазу