10.09.2022
  151


Автор: Исраил Сапарбай

ҚАНҚҰЙЛЫ

О, Қанқұйлы, Қанқұйлы!
Атқан оғың дәл тидi.
Қауырсыны Аққудың
Қара суда қалқиды.
Күңiренген үн шықты,
Құс бiткендi ыршытты.
Батып бара жатқан Күн
Қызыл қанға тұншықты.
Ақ Шағала аспандап,
Қашып-пысты Қасқалдақ.
Жер үреймен жүрегiн
Ұстап тұрды қос қолдап.
Селк еткiзiп сезiмдi
Жүрек неден езiлдi?..
Шоршып түсiп ақ шабақ,
Көл түбiне безiндi.
Қамыс жақты жел кеулеп,
Жаңғырықты жер мен көк.
Көздi ашытты көк түтiн
Көл бетiне көлбеулеп.
Кеуде кере күрсiнiп,
Тыншып қалды Тiршiлiк.
Көл денесi дiр еттi,
Әлденеден түршiгiп...
О, Жарақтым, Жарақтым,
Жай атпадың – дәл аттың!
Қызыл қанын Аққудың
Қызыл тiлге жалаттың!
Өкiнбейiн кеш, кейiн –
О, қош дейiн, қош дейiн:
Қызыл күрең өрт шалды
Ақша бұлттың төскейiн...
Күбiр қақпай күрмеле
Тынып қалды тiл неге?
Көл бетiне қар жауды
Көлеңкесiз Шiлдеде!
Қауырсын да қалқиды,
Мамық қар да қалқиды.
Айналадан ашқарақ
Ажал иiсi аңқиды!
Өксiп-өксiп жел-жетiм,
Жылжиды еппен жерге түн.
Қанатымен сыңар құс
Сабалап жүр көл бетiн.
Қанмен шерiн тарқатқан
«О, ант атқан, ант атқан!
Осал жерiн ерлердiң
Қалай ғана дәл тапқан?!»
Аққуды атқан Сен едiң,
Ажал тапқан Мен едiм.
...Қара суды сабалап
Қалды-ау сыңар – Өлеңiм...





Пікір жазу