Жарығым
Жарығым,
Жарық дүнием сен ғанасың!
Жабықсам, жан дертiме ем боласың.
Адамның баласына азары жоқ
Ақынның ақ жарылып бер бағасын?!
Жабықтым,
Жанталастым,
Жалықтым да...
Қарағым, хал-жайыма қанықтың ба?
Көңiлiм сияр ма екен мына әлемге?
Өмiрiм құяр ма екен барып құмға?..
Торықтым,
Талықсыдым,
Тарықтым да...
Жалғанның жалғандығын жаңа ұқтым ба?
Күнәдан пәк емесiм айдан анық,
Сұм ажал босағамды бағып тұр ма?..
Мейманы ем кеше ғана Мәйхананың,
Таң атпай таусылды ма айтар әнiм?
Сан ойдың соқпағына түсемiн деп
Абайдың қасiретiн қайталадым.
Жүйкемнiң кiмге айтамын жұқарғанын,
Жұртымды жұлын құрт жеп, жұт алғанын?
Бықсымай, түтiндемей,
Шынтуайтта –
Шырпының көрсем деймiн тұтанғанын!
...Жарығым,
Жарық дүнием сен ғанасың!
Жабықсам, жан дертiме ем боласың.
Бесенем бес елi сор болмаса егер,
Бейiлi Тәңiрiңнiң берi қарасын!