ТЫҒЫРЫҚ
Бақ қонбай,
Тiршiлiкте байлау болмай,
Басар тау,
Баратұғын жайлау қалмай,
Жазықсыз көңiлiңдi езiп-жаншып,
Аспаннан жаңбыр емес, жай жауғандай!
Таба алмай нудан дауа, шудан дауа,
Кеңiстiк кермек татып, уланды ауа.
Боз басы талай таудың тақырланып,
Көз жасы талай көлдiң буланды-ау, ә?..
Айтатын наз да қалмай, саз да қалмай,
Көңiлiң көрден iнiн қазған аңдай.
Қызыл шоқ көкiректiң лықсып лебi,
Аһ ұрсаң, ауа өртене жаздағандай!
Сауықшыл сән де қалмай, ән де қалмай,
Еңсенi зiл басады әлдеқандай.
Құлықсыз көз тастайсың құладүзге,
Есiнеп-құсынап, ұйқың қанбағандай.
Серпiлер шараң да жоқ, шамаң да жоқ,
Бiр сырқат тап келгендей саған бөлек.
Сарқылды сабыр шiркiн шыдай-шыдай,
Тартылған Сыр, Амудай Аралға кеп.
Тұйыққа, тұңғиыққа жол тiрелдi,
Санамыз саңылау iздеп тентiреулi.
Жамылған қой терiсiн қасқырларды,
Ағайын, Ар сотына келтiр ендi!