«ҚУЫРШАҚ ҚҰДАЙЛАР»
Көкте тырна тыраулады,
Жерде желек қыраулады...
Жәми жалған тiршiлiктiң
Жамау-жасқау, құрау бәрi!
Бәрi – алдамшы!
Бәрi – өтпелi!
Өліараның тар өткелi.
Шетте қалды-ау шермендедей
Шекспирдiң сонеттерi...
Ұйқы ұйытып тұла бойды,
Тұмшалады тұман ойды.
Ұлықсыған кейбiреуге
Ұлы Абай да ұнамайды.
Бәрi – өтiрiк!
Бәрi – жалған!
Көздi арбайды сағым-арман.
Жезтырнақтың әлемiшiн
Жезөкшелер тағып алған.
Қазақы үйдiң қан қасабы
Жең ұшынан жалғасады.
Қарға қарқ-қарқ күлген сайын
Қара орманнан ән қашады.
Болсын деп ем Ай, Күн аман,
Ажал құшақ жайды маған.
Әр кеудеде бiр құдай жүр
Қуыршақтан айнымаған.
Жөргектегi, құндақтағы
Ей, «құдайлар», тiл қат, кәнi?!
Қасиеттi қара жердi
Жебiр жайлап, жын қаптады.
Жер желiксе бүгiн егер,
Көк күрсiнiп, күңiренер.
«Құдайлардың» несi кетер?
Екi ортада шыбын өлер..