10.09.2022
  102


Автор: Исраил Сапарбай

Көкiрегiмде көк жалын бар...

Көкiрегiмде көк жалын бар,
Бар түтiн...
Адасқанның алды – күндiз, арты – түн.
Кебiн киiп келмеске бiр кеткен жан
Керек етпес кең дүниенiң барқытын.
Жар жанында жата алмайтын жарты түн
Намысты ердiң нарқы бөлек нар бiтiм.
Абызды айтсам – Асан қайғым аһ ұрып,
Қобызды айтсам – күңiренедi Қорқытым...
Аруананың сауып iшкен ар-сүтiн
Азаматтың асып кеттi-ау нарқы тым.
Абайласаң, бiз болармыз, ағайын,
Абайлардың сарқып iшкен сарқытын!
Елдiгiңнен емес едiм мен де өгей,
Кешiргейсiң көңiлiмдi пендегөй.
Жазғанымды жадыңа алсаң, жарайды,
Айтқанымды артық демей, кем демей.
Шыңғырғанмен шыға алмастан кеңiске
Шерменденiң бұғып жатар шерi iште.
Менi қойшы,
Ертелi-кеш жүрсе екен
Иығыңда Исрафил перiште!





Пікір жазу