10.09.2022
  81


Автор: Исраил Сапарбай

АЛЫПТАРДЫ АҢСАУ

...Кеудемде менiң бiр шам бар
Мың өшiп, күнде мың жанған.
Жанымда менiң жүр шалдар
Құлқына ары құлданған.
Мақтауға кiмдi лайықтап,
Даттауға кiмдi шамам бар?! –
Алыптар көзден ғайып боп,
Ақылға қалса сараңдар.
Жұлдызды көктiң заңғары
Жұртым-ау, қалай жұтаңдар?
Сары алтын сөздiң сардары –
Қайдасың, қайран, Мұқандар?!
Балтәттi тұмам тартылып,
Басымнан бақыт ауғасын,
Бабамның салты сарқылып,
Саудаға түстi-ау сау басым.
Көңiлiмдi қайтем шүкiршiл,
Көк түтiн жұтса қос өкпем?
Құлагер қайдан құтылсын
Батыраш – бақай есептен?!
...Жалғанда мынау мiнәйiм
Мен күткен жарық осы ма?
Құдiретi күштi Құдайым,
Нысап бер кәрi–жасыңа...





Пікір жазу