ҚАЙҒЫСЫЗ
Қара суға семiретiн Қайғысыз,
Қара жерге мен енетiн жайды сыз.
Терең қаз да тепкiлеп көм көрiме,
Мен жатайын жаным сүйген Ләйлiсiз.
Сен жылама,
Ләйлiм менiң жыласын
Жалғандағы жан едi деп бiр асыл, –
Кей итке арнап кеуде толы қарғысын,
Бейiтке арнап бейсенбiсiн, жұмасын.
Сен жылама,
Кiмге керек жалған жас?
Жылады деп жиналған жұрт таңғалмас.
Мен өлдi деп машығыңнан жаңылма:
Маңайыңа маңғаз қара, маң–маң бас.
Беу, бай кiсiм – байламы жоқ байғұсым,
Қайтесiң сен қаймананың қайғысын?
Қара шашын қобыратып қара жел
Қабiр жақта Ләйлiм ғана ләйлiсiн...
...Жас қабiрдi жансыз, өңсiз көмдi гүл.
Көлдiң де анау жанарына толды мұң.
Сен жылама жiбiтпек боп тоңыңды,
Неғыласың қолдан келмес рөлдi бұл?
Сен жылама,
Жылау сенiң неңдi алған!
Жылайтындай бар ма едi жәй менде оңған?
Ендi еншiңе қалды мынау қара жер,
Ендi еншiңе қалды мынау кен жалған.
Ал, бөлшекте,
Саудаға сал, сатып бақ.
Үлгер,
Күн көр...
Бәрiне де уақыт тап.
Қара жерге бұдан артық қайғы жоқ,
Қайғысызға бұдан артық бақыт жоқ!