10.09.2022
  102


Автор: Исраил Сапарбай

Ту биедей тартып тұр заман iшiн...

Ту биедей тартып тұр заман iшiн,
Таңдамайды – ақпысың, қарамысың.
Аңдып жүрген Ажалдың қаңғымасы
Қазағымның табады қарақұсын.
Қыр соңыңнан қалмайтын осы Елесiң
Қайдан бiлдiң маған да өш емесiн?
Кiмнен көрем – тақтан ба, тажалдан ба,
Көктей солған талайдың көсегесiн?..
Ор жатқандай қараймын оң жағыма,
Сор жатқандай қараймын сол жағыма.
Шыққыр көзiм, не дейсiң, шынымен-ақ
Қазақтың жауы – қазақ болғаны ма?!
Қасым ханның түсiндей аян берген
Алақанды аспанға жаям жерден!..
...Оқшантайдан тағы бiр оқ атылды,
Ойран болам демесең оян, кеудем!





Пікір жазу