10.09.2022
  104


Автор: Исраил Сапарбай

ҚҰДАЙЫ БАР ҚҰЛДЫҢ ДА!

Жетiмдердi қарғама,
Жесiрлердi алдама.
Түңiлсең де тiрлiктен,
Тiл тигiзбе Аллаға.
Жетiм өсiп, ержетер,
Жесiр бесiк тербетер.
Анда-санда Алланы
Аузыңа алсаң нең кетер?
Пенде екенiң кәдiмгi
Пешенеңнең мәлiм-дi.
Артық болмас бiлгенiң
Аяз бидей әлiңдi.
Аурудайын асқынба,
Өзiңе-өзiң қас қылма.
Ардан да асыл Жер жатыр
Аяғыңның астында.
Алды-артыңа қарай бiл –
Манап қайсы, малай кiм?..
Тақыт, бақыт тар келген
Тақымына талайдың.
Әлсiз деме момынды,
Мiнсiз деме жолымды.
Жарлы екем деп жалпыға
Жая берме қолыңды.
Отызыңда ойынды
қой да, түзе бойыңды.
Мықтымын деп әркiмге
Сiлтей берме сойылды.
Жақсы жатып, жай жүрген
Ортақтасар қайғыңмен.
Талай-талай тарпаңға
Таңба түскен тай күннен...
Тәубаңа кел, тәубаңа,
Таудай пәле даулама.
Тозақ отын тiлеме
Тұзақ құрған жауға да.
Болмашыға тарынба,
Жолдасыңа жағынба.
Жарлы болсын, жат болсын
Жақсы жүрсiн жаныңда.
Түссе көздiң қиығы,
Кетер көңiл күйiгi.
Шешiледi, шыдасаң,
Темiрдiң де түйiнi.
Байлығыңды бұлдама,
Айдыныңды былғама.
Сауабың мен күнәңдi
Санап берер Жылнама.
Өмiрiңдi тұл қылма,
Тамырыңды жұлдырма.
Алтыны бар құмның да!
Құдайы бар құлдың да!
Ақ-қараны пайымда:
Алдыңда көп айырма.
Ақыреттiк орныңды
Аманыңда дайында.
Кәлимаға тiл сындыр,
Құдайға қол ұмсындыр.
Өлiм деген – жұмбақ ән,
Өмiр деген – тылсым жыр!
Көбiк сөздiң өтемiн
Көптен сұрап нетемiн?
Ұмытпайын мен де енше
«Аз сөз – алтын» екенiн.





Пікір жазу