10.09.2022
  77


Автор: Исраил Сапарбай

ТIРIЛ, БАУКЕ!

Сiлкiн, Бауке!
Бар болса аруағың,
Сен болмасаң селк етер зарыма кiм?
Тарылады пейiлi тiршiлiктiң
Шаңырағы шайқалса шаруаның.
Сiлкiн, Бауке!
Бар болса аруағың.
Оян, Бауке!
«Кеңсайдан» берiге түс,
Бiзден мынау жетесiз жерiне түс.
Бiздiң бiрлiк бүгiнгi – берекесiз,
Бiздiң тiрлiк бүгiнгi – керi кетiс.
Оян, Бауке!
«Кеңсайдан» берiге түс.
Берiге түс,
Көзiң сал,
Көше бойла,
Әке менен кешегi шешенi ойла.
Бүгiнгiнiң тұрағы – ескi Тұран,
Бүгiнгiнiң ұраны – есеп, айла.
Көкжиектен бiрдеңе көрiне ме,
Бұлдырайды ертеңнiң жолы неге?
Шошып тұрған жайым бар ұрпағыңнан
Тiрiге де, опасыз өлiге де.
Серi күнiм азайды сергек күлер,
Жегi, жөгi көбейдi жөргек тiлер.
Теңiзiмдi құрғатты қу дүние,
Негiзiмдi қорлады немкеттiлер.
Ұры-қары бел алып қанiшермен,
Жақсылардың бүгiнде жағы семген...
Шал-шауқаннан не қайыр шамы сөнген,
Шалдуардан не қайыр намысы өлген?!
Мибатпақтан милыққан, мәймiлдеген
Ажыратып аламын ай, күндi әрең.
Өзiңменен көшкен бе көрiктi күн?
Өзiңменен өшкен бе айбынды әлем?
Тiрiл, Бауке!
Тiрiлер жеттi кезiң,
«Тентек» те өзiң едiң ғой, тектi де өзiң!
Өзгеретiн түрiм жоқ өлексемнен,
Өңменiмнен өтсе де отты көзiң,
Тiрiл, Бауке!
Тiрiлер жеттi кезiң.
Кiмнен кiмнiң нарқы кем, парқы басым?
Тайға таңба басқандай айт расын:
Мынау дүйiм дүние дүмi шолақ
Қаһарыңнан қаймықсын, қалтырасын!





Пікір жазу