10.09.2022
  88


Автор: Исраил Сапарбай

Бiр-бiрiңнiң артыңа шала байлап...

Бiр-бiрiңнiң артыңа шала байлап,
Үлкенiңдi саласың балаға айдап.
Тәңiрiңдi танымай, тайқазанда
Шала пiсiп жатасың, шала қайнап.
Сауысқанның салтындай ала қанат
Бiр-бiрiңдi жатасың жағадан ап.
Берекең жоқ болған соң бейiл бұрар
Ел екен деп кiм сенi бағаламақ?
Құлынынан құрыққа iлiндiрiп,
Бiр-бiрiңдi жатасың сүрiндiрiп.
Кiмге сая болмақсың, кiмге пана,
Бiрiң жылап жүргенде, бiрiң күлiп?
Көзiң салсаң қайтедi оң-солыңа,
Маңдайыңды төсемей көршi оғына?
Көрiнгеннiң кететiн жетегiнде
Заман надан емес қой сонша мына?!





Пікір жазу