10.09.2022
  125


Автор: Исраил Сапарбай

БIЗДIҢ ҚОҒАМ

Сезiнсем «iштен шыққан жау жаманын»,
Қауiптен қалай аман-сау қаламын?
«Апыр-ай, ата-анасы кiм?» – дейсiң ғой
Шықпаған әлi тiлi «дәу баланың?»
Ол ма, ол – қоңыраулы бiздiң қоғам,
«Қамалын жетпiс жылдай бұздырмаған!»
Қияда қарғалары қарқ-қарқ күлiп,
Ұяда ұятсыздар құзғындаған.
Дей жүрiп: «Мақсат айқын, мұрат бiрге»,
Тезiрек жетпек болған жұмақ күнге,
Ол ма, ол – бiздiң қоғам, келешекте
Ұлдары ұғысатын бiр-ақ тiлде!
Ол ма, ол – бiздiң қоғам, шулы қоғам.
Қоғамды осындай бiр туды заман.
Келеге келмейтұғын кездерiмде
Беретiн шекер қосып уды маған.
Кеудесiн ұраншылы ұрғылаған,
Бейнесi бұлт iшiнде бұлдыраған
Бүлiнген бұл қауымның iшiнде мен
Бүгiнге дейiн қалай жүрмiн аман?!





Пікір жазу