10.09.2022
  103


Автор: Исраил Сапарбай

АҚПАНДАҒЫ АУАН

Сайран салар кезiмде сезiмменен,
Қайтсем екен көңiлдi көз iлмеген?
Қоңыраудың тiлiндей жүрегiм бар
Тағдыр жәйлi таң атпай безiлдеген.
Тағатымды тауысып таңғы Азан да
Тәуекел деп салады қан базарға.
Манаураған мамырда майсаңға орап,
Талаураған тәнiмдi ән жазар ма?..
«Қазiр ақпан, қайда, – деп, – мамыр әлi»
Қашаған ой қай жаққа жамырады?
Қазан ұрмай, жел тұрмай Шағырмақта
Шайқалып тұр қазақтың шаңырағы.
Шайқалып тұр кәрi емен ызың желге,
Үмiт шiркiн шынымен үзiлген бе?
Қызыл қанат қырғауыл қызбен бiрге
Қыдырыстар күн қайда қызыл белде?..
Сақ-сақ аяз...
Санасы сарыуайым
Кәрiп-кәсiр – қамкөңiл кәрi қайың.
Назды жырдың нәзiкеш мақамындай
Жаздыгүннiң сағындым жарық Айын.
Мал-жан жалқы,
Ел епшiл,
Бас аманда
Жалбарынып қайтейiн Жасағанға:
Тағдырымның ұясы – Бәйтерек тұр
Саусақтарын тарбитып тас алаңда!.





Пікір жазу