Алладан келген пәрмендей
Алладан келген пәрмендей
Намысшыл, аршыл, тобашыл,
Дария көңiл дәл мендей
Ақынды қайдан табасың?
Жалғыздық – сырбаз сыңарым,
Жарық күн – әуре-сарсаңым.
Пейiштiң жүзi – құмарым,
Перiнiң қызы – аңсарым.
Құлқыма құл ғып Құдайды,
Өзiме қосақтадым мен.
Жылауын жүрек жылайды,
Көзiмнен жас аққанымен.
Сергiсем, бойда сең жүрiп,
Сергелдең кешер мұң, қайғым.
Түндiктен Айға телмiрiп,
Жұлдыздар жырын тыңдаймын.
Үмiт пен Сенiм – ұрығым,
Бiрi – ұл оның, бiрi – қыз.
Жалқыша айтсам, тiрiмiн,
Жалпыша айтсам, тiрiмiз.
Ғарiпке менi қосыңдар:
Нәпақам нан да, нәшiм зар.
Шарадай қылған ғашық жар
Шақшадай ғана басым бар.
Бүйiрi қызған бұлақпын,
Құрдымға сiңсем ... набытпын.
Көзiмдi ашсам – Жұмақпын,
Көзiмдi жұмсам – Тамұқпын.
Пенденiң мұңы – жанбағыс,
Кiрпiкке iнжу iлдiрген.
Фәнидiң дәмi – алданыш,
Бақидың мәнiн кiм бiлген...
Өмiрмен күрес – мәрт егес!
Қайта ағар өзен... Ай толар...
Тарихта қалу шарт емес,
Табытта жаным жай табар!..