10.09.2022
85

Тәңiрiм – Хақ...
Тәңiрiм – Хақ,
Тамырым – Жер,
Ел – атым.
Кежiр, кеще,
Кесiр де емен кем ақыл.
Арғымақтай тайпалмасам, нем жүйрiк?
Ақиқатты айта алмасам, нем Ақын?!
Iбiлiске iн жайлаған – iргем жат.
Ежелгi еншiм – есiктi ашып кiрген бақ.
Қара басып..,
Тiрiсiнде көзiмнiң
Қалай ғана қарысады тiл мен жақ?!
Еншiм аулақ,
Есем бөлек ептiңнен,
Тереземдi тең ұстаймын тектiңмен.
Әлiмсақтан бермен қарай естi жұрт
«Ақын сөзi – Алла сөзi» деп бiлген.
Замананың заруайым толғағы ем,
Тоты құстай торықпасын торда Өлең...
Турабиден тұяқ қалса – ол да Мен!
Ұлы жұрттан ұят қалса – ол да Мен!
Халық барда әл-дәрменiм дiн аман,
Өлеңiмнен өзге байлық сұраман.
... Келбетiнде Перiштенiң кейпi бар
Жер бетiнде жүрiп жатыр бiр адам...