10.09.2022
  94


Автор: Исраил Сапарбай

Ақын – аңғал...

Ақын – аңғал,
Сал – салғырт,
Батыр – аңғырт...
Қамсыз жүрiп тағы да қапы қалдық.
Жел кеуденi кергенде,
Желiк буып,
Белдеудегi аттайын оқырандық!
«Бас-басына би болған...» кiлең дөймiз!
Бiлмегендi...бисiнiп «бiлем!» деймiз.
Тұңғиыққа жолымыз тiрелсе де,
Үйiң күйгiр Ұяттан тiрi өлмеймiз!
«Ажал айтып келмейдi кiм-кiмге де...»
Айтасың-ау, айтасын, шiркiн, неме!
Өзегiмдi өрт шалып өксiсем де,
Өз-өзiме келедi күлкiм неге?
Ақын неден дерттендi?
Ойладық па?
Ақын неге мерт болды?
Ойладық па?
Ата-баба айбыны қайда бүгiн
Жұлдыздармен жүздескен қой бағып та!?
Ақын неге жылады?
Ойладық па?
Ақын неге құлады?
Ойладық па?
Жаңғалақтап,
Нұсқалы жолдан аттап,
Қаңғалақтап барамыз қай бағытқа?
Ақын неден дерттендi?
Ойладық па?
Ақын неден мерт болды?
Ойладық па?
Зеренiне аспанның зейiн салып,
Тереңiне теңiздiң бойладық па?
Елден бөлек еншiмiз – «егес» болып,
Ненi ескермей жүрмiз бiз,
Ненi ескерiп?
Ынтымақтың көтерген Тайқазанын
Бiр ошақтың үш бұты емес пе едiк?!
Адам қамы –
Қоғам мен замандағы
Саған да ортақ емес пе,
Маған-дағы?
Ақжаулыққа мұң шаққан ақын неге
Тұлпар тектi бiр тұяқ таба алмады?
Қамсыз,
Мұңсыз,
Қайғысыз неткен елмiз?
Көресiнi бiз әлi көп көрермiз...
Қара өлеңдi пiр тұтқан Пiрәдардың
Қадiрiне бiз қалай жетпегенбiз?!
Жамбасшыл шал,
Жасық ұл,
Жалқау аға...
Ала-құла алашпыз «алтау ала...»
«Қонарыңды сай бiлсе...» – қаңбаққа мiн!
«Ұшарыңды жел бiлсе...» – қалқы ауада!
Қайда?
Қайда жан гүлi?
Ән арқауы?
Сансыратты-ау сананың самарқауы...
Жалт қаратқан жоқ па едi жамиғатты
Жарылысы – Ақынның жанартауы?!
Тiршiлiктен бейхабар тыныс-демi
Шынымен-ақ кеудемiз қуыс па едi?
Өкiндiрмей жүр ме әлi ешкiмдi де
Алданышпен Ақынның «у» iшкенi?
«Шын ақынның өмiрiн өлгенде бiл...»
Шерi шексiз не деген шермендемiн?
Жарық күннiң қадiрiн бiлемiз-ау,
Көкжиекке көз жұмып, енгенде Күн...
«Шын ақында мұң басым, қайғы қалың...»
Ақынмын ғой,
Шүбәсiз жайды ұғамын.
Жер пендесi перiште бола алмайды,
Көктiң ұлы ОЛ!
Ағасы Айдың ару!!!
Шын ақынға тағдыры қырын келер...
Таусылмайтын Тәңiрiм ғұмыр берер.
...Көз алдымда –
Елжiреп ел дегенде
Қолына алып жүрегiн жүгiрген Ер!..
Көз алдыма келедi алып Ақын,
Адамзаттың қайғысын жаны ұғатын...
Алматыға құшағын ашып тұрып
Алатаудың ұшарын сағынатын!..
Көз алдыма келедi Алып Бала:
Басқан iзi айшықты,
анық,
дара...
Жарыққа да,
Құлшынып Тамұққа да,
Ақын тыным таппайды табытта да!!!
Табыт деген немене,
Жыр тұрғанда!
Жырға ұйыған артыңда жұртың барда.
Жарқ етпей ме дүние,
Күн нұрымен
Көкжиектiң көбесi жыртылғанда!
Табыт деген немене,
Тамұқ деген,
Жыр-жүрегiң бiр соқса халықпенен?!
Үндеседi ұлылық ұлылықпен,
Тiлдеседi алып та алыппенен:
«...Бiлмейдi екем...
Қолымнан келмейдi екен,
Жоқты аңсап, жоқ сусынға шөлдейдi екем.
Қой ендi тыйылайын, бұғынайын,
Ойымды орасанға бөлмей бөтен.
Жасырмай ойымды айттым
талай-талай,
Қайтейiн, кеттi бәрi қарайламай...
...Айтарын ашып айтқан абайламай,
Дариға-ай,
Махамбеттер, Абайлар-ай?!»
...Табыт деген не, тәйiрi,
Тамұқ деген,
Тас түнектен ұмтылса жарыққа өлең?!
Үндеседi ұлылық ұлылықпен,
Тiлдеседi алып та алыппенен:
«...Сен болған шақ бұлыңғыр,
тұнжыр маған...
Әйтсе де, аямапты құрғыр заман.
Болат Пушкин тiрiлiп кете ме деп,
Тұғырыңды болатпен шынжырлаған.
Қарадым сенiң қола мүсiнiңе,
Қоланы да болады түсiнуге.
Менi тәңiрiм жаратқан табынуға,
Сенiң мәңгi хақың жоқ кiшiруге!..»





Пікір жазу