10.09.2022
  158


Автор: Исраил Сапарбай

ТӘҢIРТАУ

Поэма
Түс
Тау жылжып келе жатыр!
О, сұмдық-ай!
Кiм көрген алапатты тосын бұлай?!
Алыптың әр аттамы – апат, опат...
Жалбарын, жан иесi,
Шошын, Құдай!..
Адымдап келе жатыр Тау қалаға,
Алматы, тау қозғалса, сау қала ма?
Жапырып,
езiп,
жаншып,
басып өтпек,
Басыңды сауғала не, сауғалама!..
Келедi алп-алп басып Дию, Алып,
Қабағын қара түндей түйiп алып.
...Тәңiрден бұйрық келсе жазатайым,
Пенденiң күнi қараң, күйi ғарiп...
Тау құлап келе жатыр аспанымен!
Ес кеттi етектегi жас-кәрiден.
Құдайдың құжынаған құлдары өңшең
Құтылмақ қайда барып, қашқанымен?
Тау жылжып келе жатыр.
Түре көшiп!
Тажалмен тауфиқ тапқан кiм егесiп?
Боларын бiр сұмдықтың бiлгендейiн
Күннiң де күлгiн тартты iреңi өшiп...
Түсiп тұр алабөтен қалаға сын:
Қаймана қайда тығар қара басын?
Сыймаған бiр тарының қауызына
Көрсең-ау жан мен тәннiң жағаласын!..
Таланға тастай алмай баспанасын
Сормаңдай соққылап жүр тасқа басын.
...Қаскөй жүр қамба жақты қағып-сiлкiп,
Мешкей жүр айналсоқтап асханасын.
Мiнi, жұрт!
Мiнi, тобыр!
Мiнi, халық! –
Тулаған тайқазанда тiрi балық!!!
Бiр кеще айдалаға безiп кеттi
Көнетоз көлiгiне мiнiп алып!...
Қашқанмен қайда барып бас паналар?
Қашқанның жөнi, жолы басқа болар...
Ойраннан опат болған Отырардай
Өледi-ау осылайша астаналар...
Таудың да бар деушi едi аруағы...
Туралап келдi ме, әлде, Тәңiр оғы?
Жамағат,
Жанұшырған,
Жанталасқан
Жан-жаққа жау қуғандай жамырады!
Келедi Тау адымдап, ақырындап,
Я, Құдай!
Алапаттың ақырын бақ.
Сәлден соң...
Сәулеттi үйлер сән түзеген
Сiрiңке қорабындай жапырылмақ!
Таусылып ақында айла,
Пақырда амал,
Онсыз да азып-тозып жатыр ғалам...
Сәлден соң...
Қала үстiне қара түнек
Алапат орнамақшы Ақырзаман!..
Кiм түсер тайталасқа, ерегеске?
Не болмақ бiр қаланың дерегi өшсе?
Адамзат апатының бiр айғағы –
Помпейдiң соңғы түнi келедi еске...
* * *
Келедi Тау қозғалып,
Ғаламат Тау!
Шоқыну,
Шошу,
Қашу,
Балағаттау...
Адамзат арғы-бергi Тажалына
Мұншалық қорқынышпен қарамапты-ау!..
Сәлден соң...
Ақыретпен қосылмақ Тау.
Торығу,
Кiмге керек тосын даттау?
Адамзат арғы-бергi Ажалынан
Мұншалық зәресi ұшып шошынбапты-ау!..
Сәлден соң...
Тiрлiк демi таусылады.
Қаланы қараңғылық қаусырады.
Ақ жүзiн Алматының нұрға малып
Алтынмен аптамайды таң шуағы.
Тұратын қала маңын қоршап дәйiм
Алма бақ,
Қайда қалмақ арша, ақ қайың?..
Медеудiң мұз айдыны бiр жалт етiп
Жоғалар көзден тамған моншақтайын...
Тобырдың тойлағанша ас-тамағын
Тәңiрдiң бақсам еттi қас-қабағын?
Үзедi-ау жойқын апат Көктөбенiң
Абыздың қобызындай аспа жолын?..
Алтын тәж,
Алқа таққан Сарайларым,
Басыңнан бал-бұл ұшар қалай бағың?
Төбеден төнiп келе жатқан Тауға
Төменнен жаутаң-жаутаң қарайладым.
Жаңылған машайықтай тәубасынан
Қай мiскiн әрi аттасын ауласынан?!
...Етегiн қағып-сiлкiп,
Ендi бiрде
Бұлт тарап барады екен Тау басынан.
Құлазып Иранбағы,
Құлан қағы,
Аузына бiр Алланы кiм алмады?!
...Еңiске,
Ендi бiрде, ен жайлауға
Қозғалып барады екен тұман-дағы!
О, тоба-ай!
Ендiгi бiр қарағанда:
Айналып бара жатты Тау Адамға!!!
Тау емес,
Алдыңда тұр алып Адам,
Алматы,
Есiңдi жи сау-аманда?!
Шошынба,
Есiңдi жи сен де, ақыным:
Тау емес,
Алдыңда тұр ең жақының!
Өзiңнен өзге ешкiмдi елемеушi ең,
Ей, пенде, кiрген шығар ендi ақылың?!
Тау емес,
Алдымда тұр алып Адам,
Таудайын тұлға берген Тәңiр оған!
Ну сыңсып,
Бауырында бұлақ өрiп,
Жанында Өмiр – Өзен жамыраған!
Тау емес,
Алдымда тұр алып Ақын,
Алып ақын,
Ағынан жарылатын!
Жанындай жақын көрiп жарық күндi,
Жадынан тастамайтын халық атын.
Қарашы, Жаратқанның жарылқауын?!
Таңсығым,
Алдымда тұр Тәңiртауым!
...Жал-жал құз,
Жабағы бұлт арасынан
Жадау жүз жасыра алмай жабырқауын...
Жанары жас баладай тұнық едi...
Қабағы қабарыңқы, сұлық өңi.
...Үзiлiп арамыздан үнi, демi,
Бiрмезгiл мызғып, көзiн iлiп едi...
Тоң жерде,
Торқа жерде,
Кебiр жерде
Төрiңнен,
Көрiңнен де жерiнгенде,
Табыттың тас-талқаны шыққан шығар,
Оянып ұйқысынан керiлгенде!
Өрнегiн Көктем салып күрең белге,
Өрмегiн тiршiлiктiң Күн өргенде,
Табыттың тас-талқаны шыққан шығар,
Оянып ұйқысынан шiренгенде!
Қияға қыран бейiм қалықтауға,
Түспейдi өзi келiп балық та ауға.
Жайланып жата алмайды Ақын жерде,
Айналып кеткенiнше алып Тауға!
Жапанға жарғақ құлақ жаңғырықты үн,
Жанары бiр жалт етiп қалды Үмiттiң...
Алдымда алпамсадай Ақын тұрды
Келгендей мекенiнен Мәңгiлiктiң.
Апыр-ай, тау ма?
Ақын ба?
Тiл қатқан кiм?
Маған да, маңайға да жұмбақтау бұл.
Жадымда жаңғырып тек жатты сөздер,
Салмағы қорғасындай зiл батпан кiл:
– Жай тауып жатушы едi табытта кiм?
Қапасқа қайдан сыйсын алып тәнiм?!
Қалдырып кебiнiмдi,
Келiп тұрмын
Көрмекке Жаратқанның жарық таңын.
Қаймана..,
Қала iшiнде қашып-бұққан
Не бiлер шын адами ғашықтықтан?
Жұрт та бiр – қыбырлаған құрт та бiр-ау,
Жұтпағын жұмырына тасып, тыққан!
Ес қайда шiркiндерде?
Сабыр қайда?
Қоя алмай жүрген бiреу жанын жайға...
Апырым-ай, алты алашым мына менi
Алдына кеп тұрса да танымай ма?
Алатын жынын қағып жырындының
Кәдесi қайда кеткен бұрынғының?
Кешегi қызып жүрген Қызталаққа
Шынымен ұқсамай ма түрiм бүгiн?
Ақырып қалсам ба екен анауына?!
Бақырып қалсам ба екен мынауына?!
Шынымен мына шибұт шiркiндердiң
Бiрi кеп оралмай ма шылауыма?
Желi де, ебi де жоқ қанатының
Әне бiр Шегiрткенiң қара түрiн?
Бiлмейдi-ау,
Қайдан бiлсiн кiлең кеще
«Кеңсайға» ерте ме кеш баратынын...
Аз тоқтап,
Айтатыны әлi бардай
Көшеге көз салды Ақын налығандай.
Даусынан Гулливердiң гүрiлдеген
Жасқанды жан бiткеннiң жаны қалмай:
– Шоламын қыр басынан қала маңын,
Көрсем деп көз тоқтатып әр адамын.
Есiктен Елес болып енемiн де,
Қайтадан қапасыма ораламын.
Тұншыққан көк түтiнге қаланы аяп,
Қайтамын алды-артыма қарамай-ақ.
...Кетпейдi тек есiмнен әлi күнге
Сол бiр Қыз...
Сол бойжеткен жалаң аяқ...
Сол бiр Қыз...
Топылайын қолға ұстаған
Келгiштеп қорым жаққа,
Қонғыш маған.
Арасын екi дүние жалғайтұғын
Кiм бiлсiн, осы ма, әлде, болмыс, ғалам...
Сол бiр Қыз...
Қазақ қызы, қадiрлiм-ай!
Кешiкпей кеп жүретiн қабiрге ұдай.
Онсыз да опат болған ожданымды
Ойлап па ем жазалар деп Тәңiр бұлай?
Сол бiр Қыз..,
Қара шашын қанға малған
Қараусыз мұзда қатып, қарда қалған!
Қайтерсiң тас жүректi жiбiтпесе,
Алаулап алаңдағы жанған Арман?!.
Тас емес қабырғамды қысқан менiң!
(Темiрдей тегеурiндi ем, ұстамды едiм...)
...Сол бiр күн көз алдыма келе қалса,
Құлазып сала берер құштар көңiл.
...Кей күнi түсiме енiп Мыстан менiң,
Сезiнем дүмше дүлей – дұшпан демiн.
Сол-содан Қарлығашым үйден безiп,
Сол-содан көре алғам жоқ құстар легiн...
Қаныма қайта дарып күш қайнаған,
Тұншығып..,
Тыншыға алмай тiс қайрағам!
...Мен кейде бұрқ-сарқ қайнап қазанымда!
Мен кейде қанаты жоқ құсқа айналам...
Қайрылған қанатынан құсымды ойлап,
Шығамын таң атқанша тiсiм қайрап!..
Түсiмде қара Мыстан қайта оянып,
Iшiмде қара жылан ысылдайды-ақ!
Айта алмай бiр ауыз сөз елге өксiген
Сол түнi тар табытта дөңбекшiгем...
Кiм бiлсiн, қара Жердi қарс айырып,
Қайтадан қабiрiме енбекшi ме ем!!!
Бабаның өткен-кеткен қозғап бәсiн,
Не бiтер ертелi-кеш сөз баққасын?..
Түс-өңi замананың құбылғанда
Түседi қартқа салмақ, боздаққа сын.
Iшiңдi iндей қазса iрiткiлер,
Қойныңа хор қызы емес, бүлiк кiрер.
Ел қашан ер тұлғасын ерте танып,
Ер қашан ел намысын бiрiктiрер?!
Қаншама қағынса да Доңыз – ғалам,
Қойнына қара шыбын қонғызбаған:
Қан жуған қара шашын Желтоқсанда
Рух болып көрiнедi сол Қыз маған!!
...Бұл өмiр кiмге бесiн,
Кiмге екiндi...
Iнiшек, қабір жаққа бұр бетiңдi.
Құласа...
Кiрпiш болып қалан барып,
Жыласа...
Жұбат, жаса құрметiңдi.
Қорымын қорлатпайды ұлы халық!
Ұқсауға ұлы жұртқа жұмылалық.
Баспайды қасиеттi қабір маңын,
Тастайды арамшөбiн жұлып алып!..
Қайран, жұрт,
Қауқары жоқ көбiк құрлы,
Қай дұшпан қамалыңды бөрiктiрдi?
...Қаланы қабағының астына алып,
Маңайды маңғаз Ақын шолып тұрды:
– Ар қалай?
Алаң қалай?
Анаң қалай?
Азғындап барасың-ау, адамдар-ай, –
От шашып ойға, қырға ойлы көзi
Оқыстан кiлт бұрылды маған қарай:
– Iнiшек, бiлесiң бе, бiлесiң бе,
Бұл күнде кiм өсуде, кiм өшуде?
Сопысы бар өмiрдiң, сотқары бар,
Соры қайнап күндерiн түгесуде.
Бiрi күлiп жүредi, бiрi налып,
Бiрi бықсып жүредi, бiрi жанып.
Армансызбен алысқан күнiм құрсын,
Армандының артында тiрi қалып...
Жаһанның қаһаны үшiн жаратылған
Кiмiң бар Абайдайын дара туған?!
Абызың, ақсақалың қайда бүгiн
Сөйлейтiн ел атынан, ар атынан?
Жүргенi, күлгенi де жалған кiлең
Күндерiң күлбiлтеге қалған бiлем?
Қоғамды шаң-тозаңнан дүркiн-дүркiн
Қалаймын қағып-сiлкiп алғанды Мен!
Ойлайтын ұлың қайда халық қамын?
Жүрушi ем көз тiрiмде танып бәрiн.
Тамырын талайлардың тап басар ем,
Қайтейiн, табыттамын, табыттамын...
Теңдессiз,
Тегеурiндi
Тектi кiлең –
Заманы Ер Түрiктiң өттi бiлем?..
Ел азса,
Ер өксiсе –
Құл-құтан мен
«Қуыршақ құдайлардың» көптiгiнен!!!
Ұл басқа,
Ұлық басқа,
Құлық басқа...
Таңғалма Тақ пен Табыт ұрықтасса.
Өзiңдi ел мақтаса – есiңдi жи,
Көзiңдi шел қаптаса – сылып таста!
Мән қайда?
Мақсат қайда нысаналы?
Мақсатсыз ой да, бой да тұсалады.
Көңiлшек, шегiншектер ел билесе,
Келiмсек, өлiмсектер күш алады!
Кiмiң бар Хақтан ұлы?
Елден ерек?
Тәңiрiм еншi берген Ерге бөлек.
Айтқаны Ұлықпанның кәмiл келсе,
Бұлт та Күннiң көзiн перделемек...
Өседi,
Өнедi жұрт,
Жаңарады...
Сарғайып ой орманы, сана бағы...
Тобырға айналады тобасыз жұрт,
Қабiрге айналады қала маңы...
Айлакер Әзәзiлдiң әр амалы
Сайтанның сарқытынан нәр алады.
Өлеңi ел iшiнде есен жүрсе,
Келедi бұл ағаңның жорамалы...
Сөзiмдi айт үлкенге де, кiшiге де,
(Тiрiлер өлгендердi түсiне ме?..)
Жүрегiм Жыр елiнде соғып тұрса,
Кiрермiн өңiне де, түсiне де!
«Ақбоз бұлт – аруақтың кебiн кие
Алатау керi-кейiн шегiндi...» де.
Орнымнан ойға түсiп,
Ауық-ауық
Алармын тынышыңды сенiң, Дүние!!!
Кимеген аруақтың кебiн көптен
Қайтадан Тау орнына шегiндi еппен.
Тау емес,
Тау дегенiм – Ақын екен,
Жазасын талайлардың жеңiлдеткен!
Кiм көрдi?
Кiм байқады?
Тау ма?
Ақын ба?
Оқиға болды осындай Алматымда.
...Түсiмнен шоршып-шошып оянғанда,
Таялып қалған екен таң да атуға.





Пікір жазу