10.09.2022
  80


Автор: Исраил Сапарбай

АТАЖҰРТ

Қамшының қаһары айғақ қанды саптан...
Сен маған аманатсың арғы Сақтан!
Тәнiне таңба түскен талайлардың
Тағдырын, қара басып, қарғыс атқан...
Төскейден төбеге озып төрге өрлеген
Жауына жапырақтай жер бермеген
Көненiң сендей көзiн көрген бар ма,
Көлемiн көкжиекпен шеңберлеген?!
Болмайды сен аманда Тұран ғайып!
Тұрқыңа тiл тимесiн, тұмарлайық,
Жердiң де етек-жеңiн жел кермей ме,
Қанатын көкте жүрсе Қыран жайып?!
Басыңнан ненi өткерiп, не кешпедiң?..
Кiмдермен елдеспедiң, егеспедiң?..
Есiмнен қалай шықсын,
Теңдiк iздеп,
Тентекпен, тектiмен де тел өскенiң!..
Күрсiнсе көкiрегiмде мың-сан қайғы,
Қалайша қара көздi мұң шалмайды?
Қаймана тiршiлiктiң қас-қабағы
Нелiктен сен дегенде жұмсармайды?
Iргемде ұры бардай..,
Тыныға алмай,
Боламын кейде амалым құрығандай.
Қалмай жүр кейбiреулер қыр соңыңнан,
Сенде бiр әкесiнiң құны бардай.
Жұмыр жер,
Ғадауатшыл ғұмыр жайлы
Кеудемде бiр Бозторғай шырылдайды.
Кешегi итаяқтан ас iшкендер
Бүгiнде иесiне ырылдайды...
Алдына ас-суыңды тоссаң-дағы,
Сұқтанып кiмдер саған көз салмады?
Асыл деп аптағанмен,
Мақтағанмен,
Алтыннан аса ала ма жез салмағы?
Тоңмойын тобасы кем жебiр, обыр
Торып жүр тобашылдық төңірегін.
Қамалдай қар басып тұр Тәңiртауды,
Ала алмай арбасып тұр Өлiм, Өмiр.
Алланың қас-қабағын кiм бағады?
Алдыңда әлдеқандай күн болады?
Жауабы оңайлықпен табылмайтын
Саған да, маған да бұл жұмбақ әлi..





Пікір жазу