10.09.2022
  119


Автор: Исраил Сапарбай

ДЕ – зинфекция

«Бетеге кетiп, бел қалар,
Бектер кетiп, ел қалар...»
Бел шұрайы – бетеге,
Көктем келсе бүр ашар.
Ел шырайы – бектерiм,
Бет пердеңдi кiм ашар?
Бет қашанғы бүркелер?
Кiмге керек түлкi «өнер»?
Замананың зауалы
Зәнталаққа бiр келер!..
«Еркетайы» елiмнiң,
Ел жайында не бiлдiң?
Үстiндесiң ауырдың,
Астындасың жеңiлдiң.
Iшiң дүлей, сыртың жәй,
Тiлiң майда, ұртың май.
Қаулап өсiп барасың
Қыршыныңнан қырқылмай!
Қолды-аяққа сынаптай
Тұрмайтын да өзiңсiң.
Өрмекшiдей торыңмен
Шырмайтын да өзiңсiң.
Барың менен жоғыңды
Бұлдайтын да өзiңсiң.
Арың менен жаныңды
Құндайтын да өзiңсiң.
Құдай менен былайдан
Қыңбайтын да өзiңсiң!
Қараспанын қайғының
Ұрмайтын да өзiңсiң.
Қарабайдың байлығын
Мұңдайтын да өзiңсiң,
Елге қарай бетiңдi
Бұрмайтын да өзiңсiң...
Бетегеден биiксiң,
Көрер көзге күйiксiң.
Осыншама «бiлiктi»
Бiр басыңа жиыпсың.
«Сенген қойым сен болсаң,
Күйсегенiңдi ұрайын»!
Жылмаңдаған Тазыға
Жете алмаса Құмайым,
Кiмге арзу айтайын?
Кiмнен медет сұрайын?
Сабын түбi – алқынды,
Сана түбi – сарқынды.
Сарқындыдан ылайым
Сақтағайсың, Құдайым!..





Пікір жазу