10.09.2022
109
«DE – faktо!»
Намыссыздық – Рухқа жау,
Арға жат!
Өлiмсекке одан өзге бар ма азап?!
Бақ пен тақтың басы бүтiн болмаса,
Балық та жоқ,
Бармақ та жоқ,
Бал да жоқ!
Базарда да,
Мазарда да сол қазақ.
Сол баяғы жүйрiк тiл мен жорға жақ.
Барыссың ба?
Арыссың ба?
Тып-тыныш
Орда жаққа алаңдамай торда жат!
Арыс та емес,
Барыс та емес,
Қазақ деп
Тұмсығыңнан маймыл түртсiн мазақтап.
Бiр құтқарса, сенi азаптан құтқарар
Ақыреттiң алты кездей бөзi аппақ.
Ал әзiрге қалғы, мүлгi, есiне...
Шырт ұйқыда шыбын қонсын төсiңе.
Өткендердiң сөзi бекер демесең,
Өзi кетер өзi келген несiбе.
Ол да ұшсын – ойда жоқта қонған бақ,
Неғыласың немкеттiлеу қол қармап?
Осы шығар ерiнгенге емсiз дерт,
Осы шығар көрiнгенге қор болмақ!