10.09.2022
  86


Автор: Исраил Сапарбай

ДЕ – реформа(ция)

Кiмге керек құр мақтан
Таңдайыңды құрғатқан?
Парызымыз – бiр мысқал,
Қарызымыз – мың батпан.
Қос жұмыртқа ұртымда,
Мың бал ара мұртымда:
Басып бара жатырмын
«Жыртыл, қазақ, жыртылға»!
Кiмге керек бөспелiк?
Қай асуда көш-көлiк?
Шашыламыз шалқайып,
Төгiлемiз төс керiп!
«Ғылым таппай мақтанба,
Өнер таппай баптанба...»
«Мәз болады болысың
Арқаға ұлық қаққанға...»
«Сап-сап, көңілiм, сап, көңілiм»
Қай заманға тап келдiм?
Көлденеңнiң көзiнше
Шырын-шербет тәттi елмiн.
Қызықпайды балға кiм?
Жалаңдайды жан-жағым.
Түбi тесiк қалтамын,
Ашықауыз қамбамын.
Барым – бақыр,
Жоғым – мың...
Бақытым кiм?
Сорым кiм?
Саратанда сауынмын,
Сары аязда соғыммын.
Келген бар да, кеткен жоқ,
Енiп жатыр еппен кеп.
Ұясына қонбай тұр
Қыраным да көкке өрлеп!
Ұраным да көкке өрлеп!





Пікір жазу