10.09.2022
  98


Автор: Исраил Сапарбай

КӨСЕУ МЕН КӨСЕМ

Талқаның мен таусылып тар соқпағың,
Үкi көздi бiр үрей қоршап қалың,
Алматының көнетоз көлiгiндей
Бара жатыр көбейiп қолшоқпарың.
Қала ма деп бiр күнi жанбай шамым,
Сарқылады сабырың,
Сарғайса күн...
Жылы-жұмсақ сөзiмен жыртығыңды
Жамап-жасқап жатады жандайшабың.
Бiрi – көсеу,
Көреген, бiрi – «көсем».
Бiрi – кесел,
Көрiпкел, бiрi – мешел.
Қой терiсiн жамылған қасқырлардың
Бiрiне де сенбейсiң тiрiде сен!
Әрi сорға,
Айналып әрi баққа,
Таң алдында,
Талқармау сәрi уақта
Есiгiңдi қағады есiңдi алып
Елгезер ме,
Елес пе,
Аруақ па...
Қабағыңа қонады бiрi келiп,
Тамағыңнан алады бiрi келiп.
Жазмышыңа тәуба айтып,
Таупық тiлеп,
Жанарыңды жабады бiрi келiп...
Шыттан кебiн,
Киерде шықтан кенеп,
Мұқым мұңлық жылардай мықты ән керек!
Құрт та қалмас қасыңда,
Қырт та қалмас,
Жұдырығын жұтынған жұрттан бөлек!..





Пікір жазу