Демеушiм бар...
Демеушiм бар,
Аты оның – бiр Құдай.
Ал өңгесi...тоқалдан қу, байдан сақ.
Арыстан боп жүрмес пе едiк, құрғыр-ай,
Аспандағы Айды алсақ!..
Болса кәнi удың бiрер ұрттамы,
Тағдырыма таба алмадым ем, айла...
Көкбөрiнiң жұрнағымын жұрттағы,
Мұң шағатын тек Айға.
Барысты әкеп көрсеткен жоқ бiзге ешкiм,
Бәлкiм, оны көрмейтiн де шығармын...
Шынымен-ақ көлi жоқ па Қызғыштың?
Шегi жоқ па шыдамның?
Жер жетiмек,
Көңiл шiркiн жалаңқат.
Көктен жаңбыр тамбаса...
Есепке епшiл еркек кiндiк маған жат,
Ұрғашылар болмаса...
Беу, Перiштем!
Тағдырыма талқармау,
Сен болмасаң өлер ме едiм құсадан?..
Есi-дертiм өзiңдi аңсау, армандау
Ұжымағыма ұсаған.
Бақыт болып көрiнедi бар әлем,
Көзге әлемiш,
Бояу жақса болмысқа.
Саусағыңа көк жұлдызын тағар ем,
Амал қанша, қол қысқа.
Бiз де талай Айға қарап ұлып ек,
Баяғы сол тұрқы түркi жандарша.
Бұл өмiрдiң көк тиындық құны жоқ,
Баз кешер ем бар болса!
Көршi еткелi Айдаһар мен Аюды,
Қабағыма қондырмадым қай түндi?
Тек Аллаға алақаным жаюлы!
Тек Аллаға мiнәжатым айтулы!..