10.09.2022
  142


Автор: Исраил Сапарбай

ТОҚАЛ ТОЙЫ

Ассалаумағалейкум, Тоқал қала!
Болғанда Отан – ождан,
Опаң – Дала.
Бiз деген Бәйбiшенiң баласымыз,
Қолыңа шөмiш алып қоқаңдама.
Кеп қалдық Алматыдан отарбамен,
Қол тисе, қоламтаңды қопармақ ем...
Айтқаны көнелердiң рас болса,
Көгерер көсегемiз тоқалдармен.
Үлкеннен алар болсақ үлгi-өнеге,
Бәрiмiз қарыздармыз бiр «көнеге»...
Сен бiздi танымай қап,
Қаным ойнап,
Жүрмейiн: «не болған, – деп, – бұл немеге?»
Баласы Бәйбiшенiң бапқа бейiл,
Шаласы шал-шауқанның жатқа бейiм.
«Жақсы менен жаманды айыра алмай...»
Сан соғып Сарыарқаңда жатпа кейiн.
Сәуiрге сән кiре ме гүл тағынбай?!
Аспанға әр кiре ме бұлт арылмай?..
Есiмiң ел аузында жүрсе кәнi,
Еңсегей Есенейдiң Ұлпанындай.
Сарыарқа...
Саумалымен,
Самалымен
Сазы едi сал-серiнiң бала күннен!..
Абайды (Тоғжаны жоқ) тым болмаса,
Қарсы алшы Әйгерiмнiң қабағымен.
Тұмшалап түндiгiңдi жатып алмай,
Сапыршы сарқымызды сақылардай!
Арқаның адырдағы арқанындай
Еркенiң Есiл деген аты қандай?!
Ақынның әлiмсақтан ғазал емi,
Көңiлiм май iшпей-ақ мазалы едi...
Тоқалдың тойда ашылған ажар-өңi
Айырсын ақыл-естен таза менi!
Не жетсiн бiлте мылтық оталғанға?!
Қайтуға әзiр-мәзiр отарбам да.
Қазынам ортаймайды тойым барда
Қазағым қартаймайды Тоқал барда!..





Пікір жазу