ТАС МҮСIН
Тас қамал,
Тас қабырға,
Тас қалада
Өтедi-ау жас ғұмырың, қасқа бала?..
Уақыт па?..
Қара мысық жолды кесiп,
Бақыт па?..
Барады ұшып бастан о да...
Көнек бет мас та iшiнде,
Лас та iшiнде
Көп пенде көлгiрсидi дос пiшiнде.
Тапсырғым кеп тұрады тағдырымды
Абайдан айнымайтын Тас мүсiнге.
Көксеумен хақ Құранын,
Көк қыранын,
Түбiнде өзiмдi-өзiм жеп тынамын!
Алдына барған сайын, Тәңiрiм иiп,
Тас мүсiн сөйлеп кетсе деп тұрамын.
Тас мүсiн сөйлемейдi,
Тiл қатпайды.
Iшiме iндеп кiрiп, шым батпайды.
Алдымда Абайға ұқсас бiр адам тұр:
Етжендi,
Етек-жеңдi,
Сұңғақ бойлы...
Пiр тұтса пiрадарлар Тас Абайды,
Тәңiрдi тастан кiмдер қашамайды?
Ұлықтың тақта отырған бабы басқа,
Ұлыны қолдан ұрпақ жасамайды!
Жәй жүрмей,
Жасап алып тастан Абай,
Жамырап мәз боламыз жас баладай.
Бiр күнi...
Алай-дүлей апат келiп,
Аударып тасымызды тастамағай...
Көзiмнiң көгенiне жас байланып,
Қара бұлт қабағын тұр ашпай нағып?
Тас Абай...
Тасбауыр жұрт...
Мына бiздер
Шынымен барамыз ба тасқа айналып?