10.09.2022
  85


Автор: Исраил Сапарбай

ҚАЙЫҢ ҚАЛҚА...

Қайың қалқа,
Жайың қалай?
Жақсы ма?
Жамылғаның – жасыл көйлек, ақ шұға.
Қыссам ба екен аш белiңнен құмартып,
Құшсам ба екен мас көңiлмен қапсыра?!
Қайың қалқа,
Әкесi – түс,
Өңi – ана,
Хал-жайымды өзiң ғана жобала.
Көңiлiмде не кiнә бар көкдөнен,
Көйлегiңе көзiм түссе көгала?
Жаңбыр жауса – тағынғандай мың сырға,
Ымырт түссе – табынғандай тылсымға..,
Бозымыңда бойжеткендей бой түзеп,
Болмысыңа бойсұнғалы тұрсың ба?..
Ындыныңды берiп әсем ырғаққа,
Биле!
Бұрал!
Бозбаламен бұлғақта!
Көктем шiркiн көз алдыңнан жалт берiп,
Күз де келер ызбайланып бұл баққа.
Күз келген соң белгiлi ғой, белгiлi...
Әдепкiде аңғармассың сен мұны.
Жұмағыңда бiр жұмбақ жұт басталып,
Құлағыңда ызыңдайды жел мұңы.
Алма бақтан ығыстырып iзгi әндi,
Амал бар ма,
Айла бар ма Күзге, әлгi:
Тiгiсiнен сөгiледi көк көйлек,
Уысыңнан төгiледi жүз жамбы...
Қайың жалғыз...
Ару жалғыз...
Ай жалғыз...
Жасыл бақты жадау тартқан жайлар күз.
Жайлауыңнан,
Жаз, көшерсiң жамырап,
Базарыңнан баз кешерсiң, қайран, Қыз!..
Қайың қалқа..





Пікір жазу